Қоғам

Ғалымдар тәтті сусындардың адам денсаулығына зиянын анықтады

Ғалымдар арнайы зерттеу жүргізіп, қант қосылған тәтті сусындардың адам денсаулығына қандай зияны бар екенін анықтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. АҚШ ғалымдары тәтті сусындардың зиянына қатысты зерттеу нәтижесін жариялады, деп жазады ScienceDaily порталы.

Оңтүстік Калифорния мен Джорджия университеттерінің ғалымдары эксперимент жасап, қант қосылған сусындардың адамның есте сақтау қабілетіне кері әсер ететінін анықтады. Сондай-ақ, балалардың білім алу бейімі бұзылады.

Зерттеу кезінде егеуқұйрықтарға қант қосылған су беріп отырған. Нәтижесінде олардың есте сақтау қабілетінің нашарлағаны анық байқалды. Бұдан бөлек тәтті сусындардан кейін ішек бактерияларының құрамы өзгерген. Соның салдарынан мидың жұмысы нашарлап кеткен.

Енді ғалымдар тағы бірқатар эксперимент жасап, салауатты өмір салтын қолға алғаннан кейін тәтті сусындардан келген залалды қалпына келтіру жағын зерделеп көрмекші.

Оқи отырыңыз: Дәрігер карантин кезінде адам ағзасына ең зиян сусын түрлерін атады

Бұған дейін осы елдің кардиологтары тәтті сусындарға қатысты зерттеу жұмысын жариялаған болатын. Олар қант қосылған сусындар жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығу қаупін арттырады деген тұжырымға келген.

Ал Данияның Орхус университетінің ғалымдары шошқаларға зерттеу жасап, қанттың миға есірткі сияқты әсер ететінін анықтады. Себебі дофамин мен опиоид сияқты нейротрансмиттерлер бөлінеді. Осылайша рахат пен бақыт сезіміне бөленуге болады. Алайда жаңа бір нәрсені тану, адамдармен араласу мен жыныстық қатынас та ондай сезім береді. Бірақ қант бұл әсерді тез береді екен.