Қоғам

Бастыққа сыйлық берген адам қалай жазаланады – агенттік заң талабын түсіндірді

Мемлекеттік қызмет атқаратын басшы немесе оған теңестірілген тұлға заңсыз сыйлық алса, 1 800 000 теңге айыппұл салынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастыққа сыйлық берген адамның қалай жазаланатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 676-бабында заңсыз сыйлық пен сыйақы бергені үшін жауапкершілік қарастырылған. Оған сәйкес, жеке тұлғаларға 200 АЕК (583 400 теңге) айыппұл салынады.

"Ал заңды тұлғалар ондай сыйлық пен сыйақы берсе, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 678-бабы қолданылады. Айыппұлдың көлемі 700 АЕК (2 041 900 теңге) болады. Осы заң бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, заңды тұлғаларға салынатын айыппұл екі есеге – 1 500 АЕК-ке (4 375 500 теңге) дейін өседі", - деді Бектенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Бұдан бөлек, сыйлық пен сыйақы алған шенеуніктер де жазаға тартылады. Кодекс бойынша мемлекеттік қызмет атқаратын басшы немесе оған теңестірілген тұлға заңсыз сыйлық алса, 600 АЕК (1 800 000 теңге) айыппұл салынады. Бұл – әкімшілік жаза. Ал сыйлықтың бағасы 2 АЕК-тен (5 834 теңге) артық болып, алдын ала келісім немесе бопсалаушылық жасалса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда лауазымды шенеунікке қатысты тергеу басталды 

"Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, бүгінде заң бойынша сыйлық пен сыйақыны беруге де, алуға да толығымен тыйым салынған. Бұл норма өткен жылдың соңына енгізілген болатын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға қызметі үшін сыйлық бермеуге шақырамыз", - деп түйіндеді Бектенов.