НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Жезқазғанда банк кассирі 29 миллион теңгені жымқырып кетті. Полиция күдіктіні бір жарым айдан кейін бір-ақ ұстаған.
10 ақпанда Жезқазған қаласының полиция басқармасына банктердің бірінен хабарлама түсті. 25 жастағы кассир 29 миллион теңгені иемденіп кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрланған ақша банкке тиесілі болған.
Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің жұмыс орнында хат жазып қалдырып кеткені анықталды.
Полиция күдіктіні бір жарым айдан кейін ұстады. Ер адам кінәсін мойындады. Айтуынша, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-тармағы "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқыңыз: Банк қызметкері үйлену тойын жасау үшін бес жарым миллион теңге ұрлаған
Бұл бапта мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айыра отырып немесе онсыз, 3 мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 4 жылға дейiн бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.