Қоғам

Иманбек өз табысы мен маска киген "сыңары" туралы айтты

Қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Нұр-Сұлтан қаласының маңынан үлкен үй сатып алуды армандайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. "Грэмми" сыйлығын жеңіп алған қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов тапқан табысы және өзінің орнына гастрольдерге шығып жүрген маскалы адам жайлы айтты.

Жуырда "Грэмми" иегері ресейлік Forbes пен "По студиям" YouTube-каналына сұхбат берді.

Қазақстандық музыкант өзінің орнына концерттерге маска киген басқа адам шығып жүргенін айтты.

"Менің музыкант ретіндегі карьерім карантинмен бірге басталды. Жұрт Иманбекті концерттерде көргісі келді, негізінен, бұл Еуропа болатын. Сөйтіп Imanbek DJ Project-ті ойлап шығардық, кәсіби оқытылған адам менің орныма өнер көрсетті, менің музыкамды ойнады. Мен Қазақстаннан шыға алмағандықтан, ол менің орныма гастрольдерге барып жүрді", - деді ол.

Иманбектің образына маска қосу идеясы осылай пайда болған.

Айтуынша, қазір оның концерті 10 мың еуродан басталады.

Қазақстандық диджей бүгінге дейін тапқан табысының нақты сомасын айтудан бас тартты. Бірақ 10 миллион рубльден көп екенін ашық айтты. Яғни, 55 миллион теңгеден астам.

Иманбектің арманы – жиналған ақшаға Нұр-Сұлтан қаласының маңынан үлкен үй сатып алу.

Еске салсақ, 20 жастағы Иманбек Зейкенов рэпер SAINt JHN-ның Roses композициясына ремикс жасап, "Грэмми" сыйлығын жеңіп алды.

Иманбек "Грэмми" атағына ие болған алғашқы қазақстандық атанды.

Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Иманбек ремиксті кездейсоқ жазғанын айтты. Теміржолдағы жұмысынан кейін ол ноутбугында тәжірибе жасап, музыканы екі сағаттың ішінде жасаған.