НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. Көкшетауда 10 жасар бала қақпаға мінемін деп қолын қатты жарақаттап алды. Темір істікше алақанын тесіп өткен. Құтқарушылардың көмегінен кейін оны жедел жәрдем алып кетті, деп хабарлайды 716.kz.
"Алақанды өткір заттан шығару қауіпті болды. Сол себепті темір істікшені кесуге шешім қабылданды", - дейді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімінің жетекшісі Рустем Мүжіпов.
"Темірді кескенде бала жылаған да жоқ. Құтқарушылардың барлық бұйрығын орындап отырды. Сөйтіп, құтқару операциясының сәтті аяқталуына көмектесті", - деп атап көрсетті ол.
Темір істікшені кесіп алғаннан кейін бала дереу ауруханаға жеткізілді. Видеодан ұлдың "Сау болыңдар! Бір аптадан кейін келемін" деп қоштасып жатқан сәтін көруге болады.
Қазіргі кезде бала сауығып, ауруханадан шығарылды.