Экономика

Атамқұлов ақылы жолдарға қатысты 2024 жылға дейінгі жоспармен бөлісті

Министрдің айтуынша, биыл Орталық Азия елдерімен транзитке әсер ететін Меркі – Бурылбайтал жолындағы негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты ашу жоспарланған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдар мен құрылысы басталатын жаңа жолдар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр наурызда республикада 5,8 мың шақырым жолда ақы алу жүйесі іске қосылғанын атап өтті.

"Жыл соңына дейін 25,6 миллиард теңге алым жиналады деп жоспарланған. Қалған 5,2 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстарының аяқталуына қарай ақылы жүйе енгізу 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр", – деді Атамқұлов үкімет отырысында.

Ол мұндай жоспардың ақылы жолдарды күтіп-ұстауға кететін шығындарды толық жабуға және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Жыл соңына дейін жөнделетін жолдар

Қазіргі таңда, министрдің айтуынша, 15 автожол жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Жыл соңына дейін 768 шақырымдық "Талдықорған – Өскемен" учаскесін реконструкциялау толық аяқталады.

"Бұл – Орта Азия республикаларын Ресейдің Шығыс-Сібір аймағы мен Қазақстанның оңтүстігін шығыспен байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз. Осы автожолдың Алакөл көлінің туристік кластерін дамытуда маңызы ерекше", – деді Атамқұлов.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен өңірлерді "сәулелі принцип" бойынша байланыстыратын жоғары жылдамдықты 4 жолақты автомагистраль құрылысы жалғасады.

Көкшетау, Павлодар және Қарағанды бағытындағы жұмыстар де бітуге таяу. Бүгінде құрылыс жұмыстары Қарағанды қаласынан Қапшағайға дейінгі учаскеде жүргізіліп жатыр.

Жыл соңына дейін Балқашқа дейінгі учаске (363 шақырым), келесі жылы Қапшағайға дейінгі учаске пайдалануға беріліп, Орталық-Оңтүстік дәлізінің реконструкциясы толық аяқталады.

"Ақтөбе – Атырау – Астрахань бағытына ерекше назар аударғым келеді. Қайта жаңарту жұмыстары басталғанға дейін жолдың нашарлығынан Ақтөбе мен Атырау, Ақтау қаласы арасындағы қатынас Орал арқылы жүзеге асырылатын. Яғни, 500 шақырым артық жол жүретін. Қазір бұл автожолдың бойында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл Қандыағаш – Мақат (327 шақырым) учаскесінде жұмыстарды аяқтап, жолда қозғалыс ашылады. Ал келесі жылы толық пайдалануға береміз", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Елімізде жүргізушілерге тағы бір жаңа айыппұл салу қарастырылып жатыр

Бұған қоса министр Меркі – Бурылбайтал автожолы Орталық Азия елдерімен транзитке әсер ететінін тілге тиек етті. Сол себепті биыл жолда негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты ашу жоспарланып отыр.

Қазан айында Шамалған бекетіндегі жол айрығының құрылысы аяқталады. Бұл теміржолдан өту кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Сондай-ақ 2021 және 2022 жылдары Үшарал – Достық, Қалбатау – Майқапшағай, Қостанай – Денисовка, Петропавл – РФ шекарасы (Қорған) сияқты әлеуметтік маңызы бар транзитті жобаларды кезең-кезеңмен аяқтау көзделген.

Төрт жаңа жол

Атамқұлов осы жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 607 шақырымдық 4 жаңа автожол жобасы басталатынын жеткізді. Олар:

"Қызылорда – Жезқазған" автожолын қайта жаңарту (427 км);

Түркістан қаласының шығыс айналма жол салу (30 км);

Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолының құрылысы (48 км);

Сарыағаш қаласы айналма жолының құрылысы (102 км).

Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында республикалық маңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, жөнделеді. Соның аясында жыл сайын 200 мың адам жұмыспен қамтылады.