Өңірлер

Қаланы жабу деген әңгіме жоқ – Жандарбек Бекшин

Науқастар дер кезінде ауруханаға жатқызылып жатыр, олардың саны 250-270 шамасында, деп мәлімдеді Алматының бас санитар дәрігері
Sputnik

АЛМАТЫ, 5 сәуір – Sputnik. Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қаланы карантинге жабу туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Әрине, қазіргі ахуал өте күрделі. Бірақ қыстан бері жасаған дайындығымыз қазіргі жағдайдан өтуге мүмкіндік беріп отыр. Қазір 7 011 төсек-орын бар. Бос төсек-орын саны – 44,9%. 2 520 орын бос тұр. Жансақтау бөлімінде 62% бос. Бұл мәселе күнделікті бақылауда тұр. Ешқандай алаңдататын мәселе жоқ. Бәрі де дер уақытында ауруханаға жатқызылып жатыр. Олардың саны 250-270 шамасында. Әлі ауруханаға түсетіндер саны 500-ге жеткен жоқ. Сондықтан қазір ешқандай локдаун, қаланы жабу деген әңгіме жоқ", - деді Бекшин.

Оқи отырыңыз: Бекшин Рамазан айы қарсаңында үндеу жасады 

Айта кетейік, Алматыда бір тәулікте 611 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Қаланың бас санитар дәрігері науқастар арасында жастардың, оқушылардың көп екенін айтты. Соған байланысты Бекшин ата-аналарға кеңес берді.

"Бұл ауру жасарды. Қазір жас балалар, бір жасқа толмаған нәрестелер алаңдатады. Наурыздың алғашқы аптасында 10 жағдай тіркелген еді, өткен аптада 160 жағдай тіркеліп отыр. Бұл мәселеге мән беру керек. Ата-аналардың балаларды көпшілік жүретін іс-шараларға, тойларға апаратынын көріп отырмыз. Соған мән беру керек. Үш айдың ішінде 1700 бала ауырып қалды", - деді Бекшин.

Оның сөзінше, ауырып қалған балалардың 80%-і онлайн форматта оқыған.

"Балалардың не істеп жатқанын білмей жатырмыз. Сондықтан балаларды бақылауға алу қажет. Әрине, баланы үйде отырғыза алмайсың. Бірақ көп адам жиналатын жерден бас тарту керек", - деді ол.

Айта кетейік, 3 сәуірде қалада бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Құжаттың толық нұсқасымен мына жерден танысуға болады.