Фото

Жаяу Мұса жасаған домбыра мен қобыз сақталған: Алматыда көрме ашылды - фото

Sputnik

Музей қорында 200-ге жуық музыкалық аспап бар. Мұнда дәстүрлі музыкалық аспаптың 30-ға жуық түрі қойылған: ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және басқалары.

Оның арасында Қазақстанның көрнекті тұлғаларының аспаптар да бар. Мысалы көрмеге ақын Абай Құнанбайұлының жары Ділдәнің, халық әншісі Әміре Қашаубаевтың, ҚазКСР халық әртісі Елубай Өмірзақовтың домбырасы қойылған. 

"Көрме Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Мұнда Әміре Қашаубаевтың домбырасы қойылған. Аспапты 1970 жылдары халық әншісінің жары тапсырған. Бұл жерде Жаяу Мұсаның өзі жасаған домбыра мен қобызы бар. Музейге оның ұлы Салық сақтауға тапсырды", - деді орталық музейдің бөлім басшысы Маржан Жүнісова.

Сондай-ақ, геолог ғалым Қаныш Сәтбаевтың домбырасы да көрмеге қойылған. Музей қызметкерінің айтуынша, Сәтбаев тығыз жұмыс арасында уақыт тауып, қолына домбыра алып отырған. Ал музейге берілген домбыраны Сәтбаевқа досы сыйға тартқан. Ол геологтың кабинетінде біраз жыл құрметті орында тұрған. 1980 жылы қор коллекциясын толықтыру үшін геология музейінің қызметкерлері домбыраны сыйға тартқан.

Мұнда Күләш Байсейітованың жеке домбырасы да бар. Оны музейге әншінің туысы тапсырған. Бұл шамамен өткен ғасырдың 50 жылдары болған. Сол уақыттан бері домбыра музейде сақталып келеді.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Ұлы Жібек жолы көрмесі: ерекше артефактар фотосы

Абайдың жары Ділдә Алшынбайқызының домбырасы сүйекпен безендірілген. Домбыраға қарап оның жиі қолданылғанын аңғаруға болады.

Музей қызметкерінің сөзінше, Ділдә демалған сәтте қолынан домбырасын тастамаған болуы мүмкін. Алайда бұл домбыраны кім жасағаны белгісіз. Домбыраны музейге Абайдың үлкен ағасы Ысқақтың ұлы сыйға тартқан. Аспап 1978 жылы тапсырылды.

Көрме Алматы қаласы, Самал-1 ықшам ауданы, 44-үй мекенжайында орналасқан орталық музейде ашылды.

1 / 10
"Бабадан қалған сырлы әуен" көрмесіне қойылған аспаптар.
2 / 10
Көрмеге жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау секілді аспаптар қойылды.
3 / 10
Францияны ерекше даусымен мойындатқан, күміс көмей, жез таңдай әнші Әміре Қашаубаевтың домбырасы.
4 / 10
ҚазКСР халық әртісі, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақовтың домбырасы.
5 / 10
Абай Құнанбайұлының жары Ділдәнің домбырасы.
6 / 10
Ділдә Алшынбайқызының домбырасы (екінші жағынан түсірілген фото)
7 / 10
Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың домбырасы.
8 / 10
Көрмеге қойылған аспаптың бірі — тұяқтас. Ол сойылған жылқының тұяғынан жасалады.
9 / 10
Қобыз – ішекті ыспалы музыкалық аспап.
10 / 10
Асатаяқ – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты абыздар мен бақсылар ұстаған.