НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір – Sputnik. Құқық құрғау органдары өкілдерінің мәлімдеуінше, қиылыста тұрған көлік жүргізушісі қарсы бағытта келе жатқан Corolla-ны өткізбеуі салдарынан жол апаты туындаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға Наурызбай ауданындағы Жандосов пен Дәулеткерей көшесінің қиылысында болды.
Volkswagen Passat Жандосов көшесімен батыс бағытқа қарай келіп, қарсы бағыттағы Toyota Corolla маркалы автокөліктің жолын кесіп, бұрылыс жасаған.
Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Toyota жүргізушісі тежегішті басып үлгермей, Volkswagen көлігін соққан. Соққының қатты болғаны соншалық, Volkswagen Passat жолдың қарсы бетіндегі жиекке дейін шығып кетеді.
Оқиға салдарынан төрт адам жарақат алды. Жол ережесін сақтамаған Passat жүргізушісі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Ал жолаушы әйел мен екі бала дәрігерлер қарауынан кейін үйіне жіберілді.