Видео

Алматы тұрғындары COVID-ке қарсы вакцинаны қалай салдырды - видео

Алматыда екінші сәуірден бастап тұрғындарды коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Ол демалыс күндері де жалғасты. Алматылықтар ресейлік Спутник V вакцинасын салдырды
Sputnik

Тұрғындар қай жерде тіркелгеніне қарамастан қалалық емханалар, ауруханалар мен медициналық орталықтарға хабарласу қажет. Қазір қалада 55 орталық жұмыс істеп тұр, оның 16-сі жекеменшік. Сәуір айында 250 вакцина салу орталықарын ашу көзделіп отыр.

Вакцина салмас бұрын дәрігерлер тұрғынның дене қызуын, қан қысымын, тыныс алуын, сатурацияны өлшейді, тамағын тексереді. Сонымен қатар қандай да бір дәріге аллергияның бар-жоғын нақтылайды. Тексеруден кейін пациент құжатқа қол қояды, онда жеке деректерін көрсетеді және барлық ұсыныспен танысқанын және вакциналауға қарсы емес екенін растайды.

Алматылық Ақнұр Ғұмарова вакцина салу туралы ақпаратты емхананың сайтынан көргенін айтты.

"Өзімнің учаскелік дәрігерімнен толық ақпарат алдым. Қандай жағдайда салуға болмайтынын нақтыладым. Содан вакцина салдырамын деп шешім қабылдап, келдім. Екі балам бар, оларға да уақытылы вакцина салдырып тұрамын. Себебі бұл жайлы ақпаратым бар. Елімізде, басқа да жерлерде не болып жатқанын көріп жүргендіктен, вакцина салдыруға келдім", - дейді Ақнұр.

Екпе жеке кабинетте салынады. Оған 3-4 минут уақыт кетеді. Содан кейін жарты сағат дәрігерлер бақылауында болу қажет. Егер аллергиялық реакция пайда болса, көмек сол жерде көрсетіледі. 30 минуттан кейін науқасты қайта қарайды. Барлығы дұрыс болса, пациент үйіне жіберіледі.

Вакцинаның екінші дозасы үш аптадан кейін салынады. Тұрғындар вакцинаның бірінші компонентін салдырған емханаға барып салдыруы қажет. Оның алдында пациентке SMS хабарлама келеді. Бір күн бұрын олар емханадан қоңырау шалып, денсаулық жағдайын сұрайды.

Оқи отырыңыз: "Спутник V" вакцинасының бір компонентін ғана салдырса не болады

5 сәуірден бастап екпенің жаңа партиясы келгенге дейін жаппай вакцина салу 3-4 күнге тоқтатылды.

Естеріңізге салсақ, 1 сәуір күні Алматы қаласына 21 860 доза екпе келді. Демалыс күндері 23 649 адамға вакцина салынды. 1 ақпаннан бері "Спутник V" вакцинасының бірінші компонентін 39 549 адам алды. Сәуірден маусымға дейін қалаға вакцинаның қосымша 750 мың дозасы жеткізіледі деп жоспарланған.