Қоғам

"Сапалы материал аламын": Үй жөндейтін құрылысшылар халықты қалай алдайды?

Электрші барлық жұмысты екі-үш күннің ішінде бітіріп беремін деген. Бірақ электрмонтаж бір жарым аптаға созылды, дейді астаналық Нұрлан Жақиянов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір — Sputnik. Биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін алдын ала пайдалануға рұқсат берілуінің арқасында біраз адам баспаналы болды. Біреулер ескі үйден пәтер алса, енді біреулер жаңасын таңдап жатады. Дегенмен көбісі пәтерге кіргеннен кейін ішкі дизайнын өзгертіп, күрделі жөндеуді бастайды. Әрине оны өз қолымен жасаса, біраз мәселе шешіледі, ақша да үнемделеді. Ал ондай өнерің болмаса, маман іздеуге тура келеді. Содан электрші, сантехник, сылақшы, ағаш шебері және тағы басқасын іздеу басталады. Бірақ олардың ішінде халықты алдайтын мамандар, тіпті алаяқтар да кездеседі. Sputnik Қазақстан тілшісі зейнетақы қорының ақшасына пәтер алғандармен сөйлесіп, күрделі жөндеудің машақатын білді. 

Электрші алдап кетті

Астаналық Нұрлан Жақиянов биыл алғашқы пәтерін алды. Ол зейнетақы жарнасының бір бөлігін пайдаланып, қалған ақшаны ипотекаға рәсімдеді. Сөйтіп су жаңа бір бөлмелі пәтеріне қол жеткізді. Алайда оған кіру үшін алдымен жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.

"Бастапқыда құрылыс мамандарына "под ключке" берейін деген едім. Бірақ оған ақшам жетпей қалды. Өйткені материалдың бәрін бірден сатып алу қажет. Сосын бригадаға алдын ала төлем жасау керек. Ақша жетпегесін жөндеуді бөлек-бөлек істеуге шешім қабылдадым", - дейді Жақиянов.

Ол алдымен үйдің электр желілерін жасатуға кірісіпті. Содан маман іздеп, бір электршіні тапқан. Егде жастағы кісі өз ісін біледі екен. Бәрін көрсетіп, ақыл-кеңесін де айтады. Сосын құрылыс материалдарын жазып берген.  

"Базарға барып, бәрін алып бердім. Розеткаларға 100 метр кабель, шамдарға 70 метр сым, сосын ұсақ-түйегі бар, барлығы 64 мың теңгеге шықты. 41 шаршы метрлік пәтеріме ақша аяған жоқпын. Оған қоса, көбісі электрмонтажды жақсылап істеу керек, ақша аямау керек дейді. Мен де солай істедім", - деп атап өтті қала тұрғыны.

Электрші барлық жұмысты екі-үш күннің ішінде бітіріп беремін деген. Бірақ электрмонтаж бір жарым аптаға созылады. Біресе жұмысы шығып қалады, біресе отбасы жағдайымен кетіп қалады. Ақыр соңында бітіріп, ақшаны бірден мобильді қосымшамен жіберуді сұраған.

"Мен келіскен жоқпын. Пәтерде кездесейік, жұмысты көрейік дедім. Ол кісі алдында сымның бәрін жауып тастаймын деп, сылақ әкеліп беруді қайта-қайта сұраған. Оған қолым тимеді. Содан кабельдер ашық қалды. Мен ерінбей, бәрін өлшеп, санап шықтым. Сөйтсе, розеткаларға 60 метр, ал шамдарға 40 метр ғана кеткен. Қалғаны жоқ. Өзінен сұрасам, шыж-быж болады, ренжіп қояды. Үлкен кісі болғасын ештеңе айтқан жоқпын", - дейді Жақиянов. 

Сантехник сан соқтырды

Қала тұрғыны Әлия Жұмағұлова да құрылыс компаниясынан жаңа пәтер алған. Ипотека рәсімдегесін қымбаттау шыққан. Дегенмен зейнетақы жинағын пайдаланып жатқаннан кейін қалтаға көп салмақ түспейтін сияқты. Ең бастысы алғашқы пәтер алынды.

"Біз электр желілері мен сантехника сияқты жұмыстарды кәсіби мамандарға жасатып алғанды жөн көрдік. Өйткені "под ключ" жасайтын кейбір бригадалар оны дұрыс істемейді. Артынан розетка істемей қалады, я болмаса, су ағып кетеді. Содан алдымен сантехниканы жасатуға кірістік", - деді Жұмағұлова. 

Әлия жолдасы екеуі сантехникті хабарландырумен іздеген. Біраз сайттарды ақтарады. Ақыры Инстаграммнан жас сантехниктің жұмысын көріп, соны шақыруға шешім қабылдайды. Жұмыс ақысы – 50 мың теңге. 

"Жас жігіт жүзі жылы, адамды алдамайтын сияқты болып көрінді. Сантехника мен вентиляция бойынша білім алдым, дипломым бар деді. Оны естіп, қуанып кеттік. Бірақ біз дайындап қойған құрылыс материалдарын пайдаланбаймын деп шықты. Өзінің "сапалы" бір материалдары бар екен. Соны алып келемін деді. Жарайды, оған да сендік. Бізге алдын ала ақы алмайтыны да ұнады. Жұмысты бітіргеннен кейін көріп, ақшасын бересіз деді. Біз бірден кілт пен лифт картасын бердік те, дүйсенбі күні бастайды деп келістік", - дейді Жұмағұлова. 

Бірақ сантехник жігіт сөзінде тұрмаған. Алдымен құрылыс материалдарына 26 мың теңге сұрайды, артынан материалдың тізімі мен түбіртекті көрсетемін деген. Сосын өз жұмысына алдын ала 15 мың теңге сұрап алыпты. Әлия оны да аударып жіберген.

"Ертесінде дүкенге бара жатсам, тағы қоңырау шалды. "Тәте, бензинім бітіп, көлігім от алмай жатыр, бес мың теңге жібере аласыз ба?" дейді. Жарайды дедім. Сөйтіп тағы ақша аудардым. Кешке қарай жұмысты бітіріп берді. Күйеуім жұмыстан шыға алмағаннан кейін өзім бардым. Бәрі дұрыс сияқты. Өзім де асығып тұрғанмын. Қалған 30 мың теңгесін аудардым да, жібере салдым", - деп атап өтті Жұмағұлова.  

Келесі күні Әлия пәтерге жолдасымен бірге барады. Сол жерде сантехникке алданғанын бір-ақ түсінген. Ол жаңа материал алмаған болып шықты. Оған қоса, пәтер иелері дайындап қойған құрылыс материалдарын да алып кеткен. Енді телефонын көтермейді.