Қоғам

10 жыл іздеуде жүрген: Нұр-Сұлтанда мейрамхананың бас аспазы ұсталды

Осы уақыт аралығында басқа адамның атын жамылып жүрген күдікті Қазақстанда отбасын құрып үлгерген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Халықаралық іздеу жарияланған Ресей азаматы Нұр-Сұлтанда қолға түсті. Ол адам денсаулығына ауыр зиян келтіруі салдарынан кісі өліміна алып келген қылмысқа күдікті болып танылған.

Ол жедел іздеу шаралары кезінде ұсталды.

"33 жастағы Ресей азаматы 2011 жылы Санкт-Петербургте адам денсаулығына аса ауыр зиян келтірген. Соның салдарынан жәбірленуші қайтыс болған. Қылмыстық қудалаудан жасырынған ер адам 10 жыл бойы іздеуде болған", – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті.

Ал ол соңғы жылдары Қазақстан аумағында басқа адамның атын жамылып тұрып келген. Полиция мәліметі бойынша ер адам осы жылдар ішінде отбасын құрып, елордадағы мейрамханалардың бірінде бас аспаз қызметін атқарғаны белгілі болды.

Ұстау кезінде күдікті өзінің жеке тұлғасын жасырып қалуға тырысқан. Алайда, полицейлер саусақ іздері бойынша салыстыру жүргізіп, оның жеке тұлғасын растады. 

"Оған адам денсаулығына қасақана зиян келтірудің кісі өліміне алып келуі бойынша айып тағылып отыр. Санкт-Петербург қаласының ІІДБ іздеу салуға бастамашы болды", – деді полиция департаментінде.

Оқи отырыңыз: Павлодарда аса ауыр қылмыс жасаған атасы мен келіні ұсталды

Қазіргі уақытта ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны Ресейге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.