Қоғам

"Алтын орда" базарында төбелескендер қазақстандықтарға өтініш жасады

Көлік жүргізушісі мен тұрақ қызметкері қазақстандықтардан келеңсіз оқиғаны талқылауды тоқтатуды сұрады. Себебі жанжал жеке сипатқа ие
Sputnik

АЛМАТЫ, 1 сәуір – Sputnik. Алматыдағы "Алтын орда" базарындағы жанжалға байланысты сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Бұл – жанжалға қатысы бар екі тараптың ортақ шешімі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

2021 жылдың 30 наурызында сағат 09:00 шамасында "Алтын Орда" базарының тұрағында көлік жүргізушісі мен тұрақ қызметкері арасында жанжал шықты. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тергеу барысында екі айыпталушыға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Бұзақылық" бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарасай аудандық полиция басқармасында тергеу кезінде жанжалға қатысушылар өз қатесін мойындады. Олар бір-бірінен, сондай-ақ халықтан кешірім сұрап, сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы өтініш жазды.

Сонымен қатар олар қазақстандықтардан сол оқиғаны талқылауды тоқтатуды сұрады. Себебі жанжал жеке сипатқа ие.

Полицияның хабарлауынша, екі адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

"Алтын орда" базарындағы төбелес

30 наурызда Instagram-пабликтерде "Алтын орда" базарында болған жанжалдың видеосы тарады. Соған сәйкес, тұрақ үшін ақы жинайтын ер адам көлік жүргізушісінен тұраққа кіру үшін 100 теңге беруді талап еткен. Бірақ көлік жүргізушісінде 20 мың теңгелік тұтас ақшадан басқа ұсақ ақша болмаған. Ол картаға аударым жасауды ұсынды. Бірақ тұрақ қызметкері келіскен жоқ. Екеуі сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Видеода жанжалдың қалай басталғаны көрсетілмейді. Көлік жүргізушісі тұрақ қызметкерін жағадан алып, баспен ұрады.