Қоғам

Шымкентте алып қашудың құрбаны болған қыз жағдайын айтты

Қазіргі кезде оқиғаның барлық қатысушылары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Ал автокөлік айыптұрағына қойылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Шымкентте қызды күштеп алып қашқандардың жеке басы анықталып, ал жәбірленуші жағдайының жақсы екендігін айтты, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қалалық криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде ер адамның үйлену мақсатында қызды алып қашқаны анықталды. Олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары.

Тергеп, тексеруді нақтылау үшін бойжеткеннің өзімен бірге осы іске қатысқан жігіттер Түркістан облысының аумағынан Шымкент қаласының Еңбекші ауданы полиция басқармасына жеткізілді.

"Сол түні өзім сырттай танитын ер азамат үйлену мақсатында 18 мөлтекауданнан мені достарымен бірге автокөлікке күштеп отырғызып, алып кетті. Осы күнге дейін мен сол ер адамның үйінде болдым. Маған зорлық-зомбылық іс-әрекеттер жасалған жоқ. Жағдайым жақсы", – дейді бойжеткен.

Солай десек те, аталған дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 126-бабының 2-бөлігі, 1-тармағымен ("бас бостандығынан заңсыз айыру") сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Айта кетейік, бұл бапта кінәлілерді бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Осы оқиғаның барлық қатысушылары ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Ал автокөлік айыптұраққа қойылды.

Оқи отырыңыз: БҰҰ қыз алып қашу дәстүріне қарсы шықты

Еске салсақ, 29 наурызда қаладағы көпқабатты үйлердің ауласында белгісіз тұлғалар бойжеткенді автокөлікке күштеп алып кеткен видеосы әлеуметтік желіде жарияланған болатын.