Қоғам

Алматыда полиция кілт саңылауы арқылы қылмыскерді ұстады

Полицейлер пәтер ішінде шудың, қандай да бір кикілжіңнің бар екенін байқаған, олардың бірі кілт саңылауы арқылы бетіне қара бетперде киген адамды көрген
Sputnik

АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. Алматыда полицейлер жас әйелді пышақпен қорқытып, қарақшылық жасаған күдіктіні құрықтады, деп хабарлады Polisia.kz.

Алматы қаласы Бостандық ауданы Радостовец көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғынынан "102" пультіне 00:50-де шұғыл қоңырау келіп түскен. Әйелдің көршілері көмек сұрап айғайлаған дауысты естіп, полиция шақырған.

"Біз көрсетілген пәтерге санаулы минутта жеттік. Пәтер иесі есікті ашпастан ештеңе болмағанын және біздің көмегімізге мұқтаж емес екенін айтты. Әйелдің дауысында үрей болды, сондықтан біз мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей, оқиға орнынан кетпеу туралы шешім қабылдадық. Біз есікті ашуды сұрадық, бірақ жауап болмады", - дейді патрульдік полиция полкінің инспекторы Нұрдос Тұрлыбек.

Оның айтуынша, полицейлер пәтер ішінде шудың, қандай да бір кикілжіңнің бар екенін байқаған.

"Әріптесім кілт саңылауы арқылы бетіне қара бетперде киген адамды көрді, оның қолында пышақ болды. Ер адам пышақты әйелдің тамағына тақап тұрды. Дұрыс шешім қабылдау, күдікті жәбірленушіге зақым келтіріп үлгермеу үшін оны шошытып алмау маңызды еді. Бір сәтте біз пәтерге кіріп үлгердік, қарулы адам дереу ұсталды", - деді полицей.

Тексеру барысында күдіктінің бұрын төрт рет сотталған 40 жастағы азамат екені анықталды.

Қалалық криминалдық полицияның мәліметінше, күдікті көшеде қыздың соңынан түсіп, оның пәтеріне баса-көктеп кірген. Үйде ешкім жоқ болған.

"Ер адам пышақпен қорқытып, жәбірленушіге қарақшылық шабуыл жасаған, ол жәбірленушіден құнды заттары мен жинақ ақшасын беруді талап еткен. Алайда патрульдік полицейлер мен көршінің полицияға дер кезінде хабар беруі қаскөйдің қылмыстық жоспарын бұзды. Ол қамауға алынды", - деді қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.

Қылмыстық іс Бостандық аудандық полиция басқармасында тергеліп жатыр. Оқиға орнынан заттай айғақтар алынып, іс материалдарына тіркелді.