Өңірлер

Атыраулық балықшылар Жайықтан 150 килограмдық алып ақсерке аулады – видео

Салмағы, бойы өлшенгеннен кейін зауыт мамандары ультрадыбыстық сканердің көмегімен балыққа толық зерттеу жүргізді. 150 килограмдық балық зауыт тоғандарының біріне жіберілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Атырауда балықшылар Жайық өзенінен бір жарым центнерлік алып ақсерке балығын ұстады.

Арнайы ультрадыбыстық сканер арқылы ақсеркеге толық зерттеу жүргізіліп, балықтың уылдырығы бар екені анықталды, деп хабарлайды өңірлік ATPress.kz сайты.  

"Амангелді" ЖШС балықшылары Жайық өзенінің төменгі бөлігінде ақсерке балығын олжалады. Бұл бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын суға жіберу науқаны бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында жүргізілді. Белгіленген талаптарға сәйкес балық Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерінің қатысуымен ауланды. Ақсерке бірден Орал-Атырау бекіре зауытына жеткізіліп, балық өсіруші мамандарға тапсырылды.   

Зауыт директоры Гильман Сәрсемалиевтің айтуынша, балықтың ұзындығы екі метрден асады, салмағы – 150 кг. Балықты тәжірибелі балықшы Өмірзақ Азбергенов басқаратын "Амангелді" бригадасы ұстаған.     

Салмағы, бойы өлшенгеннен кейін зауыт мамандары ультрадыбыстық сканердің көмегімен балыққа толық зерттеу жүргізді. 150 килограмдық балық зауыт тоғандарының біріне жіберілді. Көп ұзамай балықтан уылдырық алынып, қолдан көбейтіледі. Балықтың өзі жаз айында теңізге жіберіледі.