НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз — Sputnik. Коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін екі айдың ішінде қабылдауға болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Үш аптадан кейін вакцинаның екінші компонентін алуға мүмкіндік болмайтын жағдайлар кездеседі. Мәселен, адам ауырып қалса немесе жолға шығып кетсе, екінші компонентін бірінші дозадан кейін 60 күн ішінде салғызуға болады. Ондайда иммунитеттің тиімділігі төмендемейді", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 131 170 адам вакцинаның бірінші компонентін салғызды. Ал екінші компонентін 32 482 адам қабылдады. Қазіргі кезде коронавирусқа қарсы вакцинаның 150 мың дозасы аймақтарға таратылып жатыр. Бұдан бөлек, сәуір айында сан алуан өндірушілерден қосымша 2,5 миллион доза жеткізіледі. Адам көп жиналатын жерлерде жылжымалы екпе салу бекеттері болады. Соның арқасында халықты вакцинациямен кеңінен қамту жоспарланған.
"Вакцинация – вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы. Біз вакцинацияға қарсы көрсетілімі жоқ әрбір қазақстандықты екпеден бас тартпай, коронавирусқа қарсы вакцина салғызуға шақырамыз. Осының арқасында ғана шектеу шараларын барынша азайта аламыз", - деп атап көрсетті Цой.
Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасы салынып жатыр. Келесі айда коронавирусқа қарсы "QazCovid-in" атты қазақстандық вакцина шығады деген жоспар бар.