Қоғам

"Алматы жастары" сияқты бағдарлама барлық өңірде болуы тиіс – депутат

2017 жылы үш мегаполис жастары үшін жыл сайын 3 мың пәтер бөлініп, оны бес жылға жалға беретін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев "Алматы жастары" сияқты тұрғын үй бағдарламасы Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылуы тиіс деп санайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, жас отбасылардың көбі табысының аз болуына байланысты "7-20-25" бағдарламасына қатыса алмайды. Ал үш мегаполисте жыл сайын жастарға 3 мың пәтер бөлу бағдарламасы толыққанды іске аспай отыр.

"Елбасының тапсырмасымен Жастар жылында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының жастары үшін жыл сайын 3 мың пәтер бөлініп, оны бес жылға жалға беретін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Яғни үш жылдың ішінде 9 мың пәтер тарату қажет болатын. Алайда 2019 жылы 3 мың пәтер берілсе, 2020 жылы барлығы 1 мың пәтер ғана берілді. Яғни, бір жыл ішінде берілген пәтерлер саны үш есеге азайды. Жоспар орындалмады, неге?", - деп сұрады Бейсенбаев мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.

Алматыда 2017 жылы 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға пәтер сатып алу үшін несие беретін "Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын. Депутаттың айтуынша, бағдарлама өзін жақсы жағынан көрсетті, алайда бұл тәжірибе белгісіз себептермен назардан тыс қалды.

"Биыл астанада "Елорда жастары" бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. 17 өңірдің тек екеуінде ғана жас отбасыларды қолдау бойынша өз бағдарламалары бар. Осыған орай әр өңірде жеңілдікпен несие берудің түрлі тетіктерін көздейтін, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін бағдарламаларды әзірлеуді ұсынамыз", - деді мәжілісмен.

Бұдан бөлек, Бейсенбаев студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де әлі шешімін таппағанын алға тартты.

Айтуынша, қазір Қазақстанда 1,1 миллион студент бар, ал тапшылық 80 мың орынды құрайды.

"2018 жылы Елбасы 2022 жылға дейін студенттерді қосымша 75 мың орындық жатақханалармен қамтамасыз етуді тапсырды. Үш жылдың қорытындысы бойынша жатақханаларда барлығы 12 мың жаңа орын пайда болды. Қалған 10 айда 58 мың жаңа орын салу қажет. Алдыңғы тәжірибені ескерсек, бұл тапсырманың орындалауы екіталай", - деп алаңдады депутат.

Осыған байланысты ол бұл мәселені ерекше бақылауға алып, апатты жатақханаларды қайта құру және жөндеу бойынша шаралар қабылдау қажет деп санайды.