Қоғам

Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа жақындап қалды

Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, республика "сары" мен "қызыл" аймақтың шекарасында тұр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Бүгін, 29 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан "қызыл" аймаққа жақындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

2021 жылдың 29 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлерінде эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың матрицасы жарияланды.

Оған сәйкес, "қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облыстары тұр.

"Сары" зонада: Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары.

Қалған өңірлер "жасыл" аймақта орналасқан.

Ал "сары" аймақта тұрған Қазақстан "қызыл" аймаққа жақындап қалған.

Айта кетсек, соңғы күндері Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында індет өршіп кетті. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың пікірінше, мегаполисте коронавирустың үшінші толқыны басталып жатыр.

Өткен тәулікте Қазақстанда 1 492 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. 415 науқас Алматыда, ал 346-сы елордада тіркелген.