Қоғам

"Қыздарды Бахрейнге алдап апарған": ІІМ қылмыстық топ туралы ақпарат таратты

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша адам саудасына қатысты 133 қылмыстық іс тергеліп, 48 адам жауапқа тартылып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрілігі қазақстандықтарды Бахрейн корольдігіне жезөкшелікпен айналысуға апарған қылмыстық топ туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ төрт жыл бойы қыздарды алдап, Бахрейнге жезөкшелікпен айналысуға жіберіп отырған.

"Жалпы біз жәбір көрген 39 адамды анықтадық. Олар – Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Барлығы елімізге қайтарылып, өз отбасыларына жеткізілді", – деді Әділов ішкі істер минитрлігінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, осы күндері оларға әлеуметтік, құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар, соңғы екі апта ішінде алданып қалған тағы алты қыз табылған. Ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның араласуымен қыздар Бахрейін, Түркия мен Бірікке Араб Әмірліктерінен қайтарылды.

"Қазіргі кезде осы қылмыстық іс бойынша 19 күдікті бар. Үшеуіне іздеу жарияланды. Сосын трансұлттық қылмыстық топты құру және басқару бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Жақын арада оны аяқтап, сотқа жібереміз", – деп атап көрсетті Әділов.  

Оқи отырыңыз: Тараздық жас келіншек өзін "жезөкше" қылғандарды таба алмай зар жылап жүр

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша адам саудасына қатысты 133 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 48 адам жауапқа тартылуда.