Өңірлер

Сауда орталықтары мен базарларда вакцина салдыру үшін не істеу керек

Қала тұрғындары өзіне жақын жердегі уақытша егу кабинетіне барып вакцина салдыра алады. Жеке куәлігі өзімен бірге болуы қажет
Sputnik

АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Алматыда сауда ойын-сауық орталықтары мен базарларда вакцина салатын 250 егу кабинеті ашылады. Бұл туралы брифинг кезінде қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Лаура Мырзағали мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мырзағали бұған дейін қалада вакцина салуға болатын 35 емхананың жұмыс істеп тұрғанын, қосымша 15 емхана ашылатынын айтқан еді.

"Ірі сауда ойын-сауық орталықтары сынды жерлерде 250 егу кабинеті ашылады. Оларды аудан әкімдіктері анықтайды. Қазір бізде осы жерлерде вакцина салатын авторефрижератор бар, термоконтейнерлер дайындалуда. Вакцина салатын арнайы мамандар бар, сондай-ақ бірін-бірі алмастыру үшін кадрлық резервке жасақталады", - деді Мырзағали.

Оның сөзінше, Алматыда 900 мың адамға вакцина салу жоспарланған.

Қала тұрғындары өзіне жақын жердегі уақытша егу кабинетіне барып вакцина салдыра алады. Мұндай жағдайда жеке куәлігі өзімен бірге болуы қажет. 21 күннен кейін вакцинаның екінші дозасын салдыру үшін сол мекемеге қайта баруы шарт.

Айта кетейік, бұған дейін қалада базарлар мен ірі сауда орталықтарында вакцина салуға арналған орындар ашылатыны хабарланды.

Қазақстанда 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталды. Ресейлік "Спутник V" вакцинасы ерікті түрде және тегін салынады. Вакцина 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге салынбайды.