НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрілігі ірі көлемде алаяқтық жасаған Алматының үш тұрғыны ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың айтуынша, алаяқтар ірі акционерлік қоғамның есепшотынан 300 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлаған.
Осы іске қатысы бар деген күдікпен ұсталғандар ресейлік хаккерлермен бірге акционерлік қоғамның интернет ресурсында 14 жалған аккаунт ашып, ақпараттық төлем жүйесіне кірген.
"Олар бір-біріне ұқсайтын транзакциялар жасау арқылы ақшаны Қазақстан мен Ресей банктеріне, сондай-ақ қазақстандық ұялы байланыс операторларының абоненттік нөмірлеріне аударып отырған", – деді Әділов ішкі істер министрлігінде өткен онлайн брифингте.
Алаяқтар компанияның аймақтық бөлімшелеріне де хабарласып, өздерін бас кеңсенің ақпараттық технология бойынша маманы ретінде таныстырған. Сөйтіп, бағдарламаны ретке келтіреміз деп, банк карталарына ақшаның біраз бөлігін аударып алды.
"Олар ұрлаған қаржыны қолма-қол ақшаға аударып, биткоин сатып алған және крипто-әмияндарға салып отырған. Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр. Ресейдің ішкі істер органдармен бірлесіп, қылмыстық топтың барлық мүшесін ұстау мақсатында тиісті шаралар қолға алынды", – деп атап көрсетті Әділов.
Оқи отырыңыз: Алаяқ жігіт он тоғыз қыздың басын айналдырып, мұзға отырғызып кетті
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде барлық қылмыстың ішінде алаяқтық әрекеттер 27 процентті құрап отыр. Пандемия басталғалы бері басқа қылмыстардың саны азайғанымен, алаяқтық, әсіресе интернет алаяқтық күрт көбейіп кетті.