Қоғам

Трактормен жер жыртатын түркістандық бойжеткен: танымал болып кетуді ойламадым

Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны күніне 10 гектар жер жыртып, табыс табады. Бойжеткен мұны бала күнгі қызығушылықтың жемісі дейді
Sputnik

АЛМАТЫ, 28 наурыз – Sputnik. Жетісай ауданы Қызылқұм елді мекенінің тұрғыны Арайлым Құршанбек 11 жасынан бастап трактор айдайды. 18 жастағы бойжеткен кейінгі үш жылда қызығушылығын кәсіпке айналдырып, ақша тауып жүр. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында Арайлым отбасылық кәсіп пен трактор айдауға деген қызығушылығы туралы айтып берді.

"11 жасымда рөлге отырдым. Жанымда әкем отыратын. Әкем қайда барса да еріп баратынмын. Кейін маған трактор айдауды үйретіңіз дедім. Мұны отбасылық кәсіп деп айтуға болады. Одан бөлек жеріміз бар, жаздай қауын егеміз", - дейді Арайлым.

Арайлымның өзінен үлкен екі ағасы бар. Алайда ішінде қыз баланың қызығушылығы ерекше болған.

"Әкем қазір жұмыста. Қазір ағам екеуміз тракторды кезектесіп айдаймыз. Өз жерімізді айдау қажет болса, оны да істейміз. Клиент келсе, оған да барамыз. Менің таркторымның маркасы MTZ-80.1, оған соқа ілмеймін. Соқа іліп күніне 10 гектар жер жырту менің тракторыма қиын болады. Қазір "ол мүмкін емес, өтірік" деген әңгіме болып жатыр екен. Соқадан бөлек сайманды іліп, ойланбай айдай аламын", - дейді бойжеткен.

Оның айтуынша, жер жыртатын трактор іздеп басқа да ауыл-аймақтан келетіндер бар. Клиенттермен қызмет бағасы бойынша әкесі келіседі.

Трактормен жер жыртатын түркістандық бойжеткен: танымал болып кетуді ойламадым

"Клиенттемен әкем сөйлеседі. Ер адамдардың әңгімесіне араласпаймын. Сондай сәтте әкеме "өзіңіз істеп берсеңізші" деп айтады. Маған сенбейтіндер бар. Әкем сонда: "менің қолым бос емес, осы қыз барады. Қаламасаң басқаға бара бер" деп айтады. Сенбестік болады. Бірақ ол көңіліме тимейді", - дейді Арайлым.
Бойжеткен үш жылдан бері жеке жұмыс істеп, ақша табады.

"Табыс көлемі клиенттің жер көлеміне байланысты. Бір гектар жерді кем дегенде 3 мың теңгеден жыртып беретін болсам, 10 гектар жер 30 мың теңге болады. Алайда 2-3 гектар жерді 4 мың теңгеден жыртып берсек, аумағы үлкейген сайын бағасы арзандайды", - дейді бойжеткен.

Арайлым қазір Түркістан қаласында тіс дәрігері мамандығы бойынша 1-курс студенті. Елдегі жағдайға байланысты онлайн оқып жатыр. Ал жер жырту науқаны көктемде басталады. Айтуынша, кейде трактор ішінде отырып онлайн сабаққа қатысады.

Трактормен жер жыртатын түркістандық бойжеткен: танымал болып кетуді ойламадым

"Трактор ішінде отырып сабаққа қатысатын кездер болады. Шынымды айтсам, сондай сәтте басқа амал қалмайды. Себебі екі жаққа да керекпін. Бірақ жұмыстан кейін кешке үй жұмысын орындап, сабақты қайталаймын", - дейді ол.

Ол бастапқыда қолынан келетін істі көпшілікке көрсеткеніне ұялған. 

"Басында мұны елге көрсетуге ұялатынмын. Өзіміздің жерді айдап жүре берейін деп ойладым. Кейіннен әлеуметтік желіге сурет жүктей беремін деп шештім. Бір жағы болашаққа естелік болғанын қаладым. Елге шығып, танымал болып кетемін, адамдар оқып, телеарна келіп түсіреді деген ой болмады. Желіге жүктей бердім. Бұл жұмысымнан ұялмаймын, намыстанбаймын", - дейді Арайлым.

Оның сөзінше, қызығушылығы мен таңдауы осы іске түскендіктен, істеп жүрген жұмысын мақтан тұтады. Қыз бала бұл істі амалы болмай істесе, ұялады. Қызығушылық болмаса қиын, деп түйіндеді ол.