Қоғам

Жамбыл облысында бақташының қылмысы әшкере болды

Қырық жастағы бақташы кінәсін мойындап отыр, қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда, сараптамалар тағайындалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Жамбыл облысында бақташы 61 жылқы мен 169 қойды сатып жіберді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Polisia.kz.

15 наурызда Тараз тұрғыны Байзақ аудандық полиция бөліміне арызданды. Айтуынша, фазендадан ірі және ұсақ мал ұрланған.

Мал былтыр қарашадан бері Байзақ ауданындағы жайылымда жүрген. Оларды бақташы бағыпты.

12 наурызда фазендаға келген қожайын 61 жылқысы мен 169 қойының жоқ екенін байқаған. Жәбірленуші келтірілген шығынды 36 миллион 680 мың теңгеге бағалады.

Полиция күдікке ілінген 40 жастағы бақташыны ұстады. Ол кінәсін мойындап отыр. Қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Осы фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағы "Аса ірі мөлшерде жасалған, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл бап бойынша мүлкi тәркiленiп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.