Әлем

"Спутник V" препаратын әзірлегендер вакцина соғысына қатысты пікір білдірді

Жазба авторлары Францияны препаратты өз аумағында шығаруға бел байлаған мемлекеттер қатарына қосылуға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. "Спутник V" препаратын әзірлегендер Франция президенті Эммануэль Макронның вакцина деңгейіндегі әлем соғысының жаңа түрі туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды РИА Новости.  

Француз көшбасшысының пікірінше, Ресей мен Қытай коронавирусқа қарсы препараттарды ықпал ету құралы ретінде пайдалануға тырысып жатыр. Ол Еуропа елдерін вакцина өндірісі мәселесін өз бетінше шешуге шақырды.

"Қымбатты Эммануэль Макрон, біз вакцина саясаттан тыс болуына барынша тырысып жатырмыз. Біз бұл әлемге соғыс емес, бейбітшілік алып келетін құрал деп үміттенеміз", - деп жазды "Спутник V" әзірлегендер вакцинаның ресми Twitter-аккаунтында.

Жазба авторлары Францияны препаратты өз аумағында шығаруға бел байлаған мемлекеттер қатарына қосылуға шақырды.

"Түрлі вакциналардың өндірісі – бұл вакциналық тәуелсіздікке апаратын жол. Біз біріксек қана мықтымыз!" – деп жазылған жазбада.

Тағы оқыңыз: Пандемия Еуропаға қиынға соғып жатыр 

Италия да өз аумағында ресейлік вакцинаны шығару мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

РФ президенті Владимир Путин Мәскеу ешбір елге өз әзірлемесін "тықпаламайтынын", алайда Еуропа фармацевтикалық компаниялардың мүддесін емес, азаматтардың жағдайын басты орынға қоюы керек екенін ескертті.

Ресейде бүгінде коронавирусқа қарсы үш вакцина тіркелді: Гамалея атындағы орталық дайындаған "Спутник V", Новосібірдегі "Вектор" мекемесінде әзірленген "ЭпиВакКорона" және Чумаков атындағы орталықтың "КовиВак" препараты.