Оқиға

Петропавлда тепловоз бен автокөлік соқтығысты – фото

Машинист тежегішті іске қосқанымен, рельс үстінде көлденең тұрып қалған жеңіл көлікті бүйірінен соғып, бірнеше метрге сырғытқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Петропавлда теміржол өткелінде тепловоз бен автокөлік соқтығысты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"ТОҚТА" белгісін ескермеген ВАЗ 2110 көлігінің 41 жастағы жүргізушісі реттелетін теміржол өткелінде №1216 тепловозымен соқтығысты. Апаттың алдын алуға тырысқан тепловоз машинисі шұғыл тежеуді іске қосқанымен, әрекет нәтижесіз болған. 

"Оқиға салдарынан ВАЗ 2110 көлігінің жүргізушісі жедел жәрдем көлігімен қаладағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілді. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол үйіне жіберілді", – делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Жезқазғанда екі пойыз бетпе-бет соқтығысты: апаттың видеосы желіде тарады

Айта кетейік, осы жағдайға байланысты кінәлілер Әкімшілік кодекстің 610-бабының 1-бөлігі бойынша (көлік құралын жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін бұзу арқылы адам денсаулығы мен көлікке немесе өзге де мүліктерге зиян келтіру) әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, Оңтүстік-Орал теміржолына келтірілген материалдық шығын көлемі де анықталып, тиісті шара қолданылады.