НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. "Қазпоштаның" Батыс Қазақстандағы филиалында қаскүнемдер кәсіпорын өкілі ЖШС-нің есепшотына аудару үшін берген ақшаны жымқырған, деп хабарлады "Уральская неделя".
"Қазпошта" АҚ облыстық филиалының Дарьинск бөлімшесінде ЖШС өкілі өз ұйымының есепшотына аудару үшін берген ақшасы ұрланған. Келтірілген шығын сомасы 33 142 706 теңгені құрады", - дейді экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Аталған факті бойынша экономикалық тергеу департаменті қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бұл бап бойынша мүлкiн тәркiлеумен бірге мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Тергеу мүддесі үшін толық ақпарат айтылмайды.
Сонымен қатар "Қазпошта" АҚ филиал қызметкерлері клиентке келтірген шығынды өз қаражаты есебінен өтегенін хабарлады.
"Клиенттер шотындағы ақшаның жетіспейтінін растайтын құжаттық дәлелдеме ұсынды. Өтелген зиянның жалпы сомасы 2,2 миллион теңгені құрайды", - деп хабарлады "Қазпоштаның" баспасөз қызметіндегілер.
Жеке шағымдар бойынша қылмыстық іс жан-жақты қаралуы қажет. Егер клиенттердің шотындағы ақша жетіспеушілігі расталған жағдайда, қаражат толығымен өтеледі, деп сендірді "Қазпоштадағылар".
Батыс Қазақстан облыстық филиалы қызметкерлерінің заңсыз әрекеті ішкі тексеріс барысында анықталды. Ішкі қызметтік тексеру нәтижесі бойынша кінәлі қызметкерлерге қатысты барлық материал тиісті процессуалдық шаралар қабылдау және келтірілген зиянды өтеу туралы азаматтық талапты қарастыру үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.