Өңірлер

Ақтөбелік дәрігерлер немқұрайлығы кесірінен көзінен айырылуы мүмкін

Жас жігіт медициналық қызмет сапасын бақылау комитетіне жүгініп, сотқа талап арыз бергелі жатыр. Ал отбасы науқасты күрделі жағдайда қабылдайтын шетелдік емханаларды іздестіруде
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 наурыз – Sputnik. Ақтөбелік 23 жастағы Арыстан Бірназаров көзінен айырылуы мүмкін. Оның сөзінше, дәрігерлер дер кезінде ота жасауға кезекке қоймаған.

2019 жылы жас жігіттің көзі жарақаттанып, төрт ота жасалды. Оның екеуі портал бойынша Алматы ғылыми зерттеу институтында өтті. Зақымданған көзге силикон салған. 5 айдан кейін оны алып тастау керек еді.

Жас жігіттің айтуынша, Ақтөбедегі мамандар соған дер кезінде өтініш жібермеген. Арыстан Бірназаров бір жарым жылдан кейін ҚазҒЗИ-ға келгенде тым кеш болды, деп жазды "Астана" телеарнасы.

"Маған Алматыда "міне, қара, портал бар, порталда өтінім жоқ, бас тарту да жоқ, ештеңе жоқ. Сені қабылдауға өтініш бермеген" деп айтты. Не істерімді білмеймін. Олар көзімнің силиконға тәуелді екенін, уақыт өте келе ерте ме, кеш пе көзді алып тастауға мәжбүр болатынын айтты", - деді Арыстан Бірназаров.

Қазір жас жігіттің бір көзі ғана көреді. Ол – үшінші топтағы мүгедек. Бұл ота оның көру қабілетін қалпына келтірудің аз да болса үміт көзі еді.
Жігіттің емдеуші дәрігері операцияға 2020 жылдың қаңтарында өтініш бергенін айтады. Карантинге байланысты Алматы институты науқасты қабылдаудан бас тартқан.

"Мүмкін карантинге байланысты 7-8 айға кешіктірілген шығар. Қаңтардың басында өтінім бердік, ол жерде тамыз, қарашаға дейін барлық операция тоқтатылды", - деді Ақтөбе қаласының №1 емханасының офтальмолог дәрігері Венера Оразалина.

Емхана мамандары басқа қалада емделетін науқастардың өтінімін облыстық денсаулық сақтау басқармасы беретінін мәлімдеді. Алайда облыстық басқарма мұны жоққа шығарды. Олардың сөзінше, ведомствоның міндеті – емхана жіберген мәлімет негізінде порталға енгізу.

Айта кетейік, Арыстанға ота жасау туралы соңғы рет өтінімді емханадағылар былтыр ақпанда жіберген.

"Бұл қызмет мамандандырылған медициналық көмек. Сондықтан емханада да тікелей порталға енгізе алады", - деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әлия Шарбақова.

Арыстан медициналық қызмет сапасын бақылау комитетіне жүгініп, сотқа талап арыз беруге ниетті. Сонымен қатар қазір отбасы науқасты күрделі жағдайда қабылдайтын және көзін сақтап қала алатын шетелдік емханаларды іздестіріп жатыр.