НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Қазақстанда номиналы 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар жиі қолдан жасалады, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
2019 жылмен салыстырғанда Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер анықтаған жалған ақша көлемі былтыр 38%-ке азайды. 2019 жылы жалған 1 319 банкнот пен монета табылса, 2020 жылы оның саны 823 банкнот пен монетаны құрады.
"Төмендеуге әсер еткен негізгі себеп – қазіргі карантиндік шаралар мен шектеулер. Өйткені қолдан ақша жасайтындар, әдетте, жалған ақшаны базарларда, жанармай құю бекеттерінде және шағын азық-түлік дүкендерінде өткізіп жібереді. Қолдан көп жасалатын ақшаға 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар жатады – сәйкесінше, жалпы көлемнің 42,5% және 37,6%", - деді Ұлттық банктің банкноттар мен монеталарға сараптама жасау басқармасының басшысы Асхат Әбішев.
Тағы оқыңыз: Енді қазақстандықтар ескі банкноттарды кез келген уақытта айырбастай алады
Ұлттық банктің мәліметінше, жалған банкноттардың басым бөлігі Алматыда (554 дана немесе 67,3%) анықталды, ең азы – республиканың батыс өңірінде.