Қоғам

Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясын шақыруды тапсырды

Үкіметке сессияны өткізуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Жиын 28 сәуірде өтетін болады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясын шақыру туралы" қаулыға қол қойды.

"Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясы 28 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев орталығында "Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы" күн тәртібімен шақырылсын", - делінген Ақорда жариялаған құжатта.

Үкіметке сессияны өткізуді ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы - 1995 жылдың 1 наурызында құрылған консультативті-кеңесші орган. Ассамблеяны құру идеясы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Тұңғыш президент өмір бойы Қазақстан халқы Ассамблеясына төрағалық ету құқығына ие.