Саясат

Назарбаев Дубай билеушісіне көңіл айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Шейх Хамдан ғұмырын халқының игілігіне, әрбір отандасының мүддесін қорғауға арнағанын айтып өтті
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 наурыз – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянға және Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі Шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумге Шейх Хамдан бен Рашид Әл Мактумның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхаттарын жолдады, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.

Назарбаев суыт хабарды күйзеліспен қабылдағанын айтып өтті.

"Шейх Хамдан саналы ғұмырын халқының игілігіне, әрбір отандасының мүддесін қорғауға арнады. Ол Біріккен Араб Әмірліктері құрылған уақыттан бері жауапты лауазымдарды атқарып, мемлекеттің гүлденуіне қосқан елеулі үлесі арқылы ел тарихында өшпес із қалдырған отанының көрнекті перзенті. Сондықтан оның жарқын бейнесі әмірліктер халқының жүрегінен өшпес орын алатынына сенімдімін", - делінген жеделхатта.

Сондай-ақ, Қазақстанның тұңғыш президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің халқына көңіл айтты.

Шейх Хамдан 1945 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келген. Ол Дубайдың марқұм билеушісі Рашид бен Саид әл Мактумның екінші ұлы. 1971 жылы мемлекет құрылғаннан кейін бірден БАӘ өнеркәсіп министрі және қаржы министрі болды.