Қоғам

Боксшы Жанқош Тұраров сүйінші жаңалық жариялады

NBA (National Boxing Association) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағының иегері Жанқош Тұраров өз салмағында WBA нұсқасы бойынша үздік 15 боксшының тізіміне енген
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 наурыз – Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың жары Клара Иса қыз босанды. Осылайша жұп үш қыздың ата-анасы атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Аллаға шүкір, әне-міне дегенше үш қыздың әкесі атандым. Алланың бергеніне шүкір етіп, сансыз мадақ айтамын. Достар сіздердің де әулеттеріңізде шырылдаған сәбидің дауысы көп болсын...", – деп жазды спортшы Instagram парақшасында.

Спортшыны әріптестері мен достары, әлеуметтік желідегі оқырмандары құттықтап жатыр. Олардың арасында спортшы Қуат Хамитов, айтыскер Айнұр Тұрсынбаева, әнші Бағлан Әбдірайымов, Бейбіт Күшқалиев, тағы басқалар да бар.  

Айта кетейік, Жанқош Тұраров 1990 жылы Жамбыл облысы Талас ауданында туған. 2003 жылы Алматыға көшкен. 2004 жылы жаттықтырушы Сағатбек Мұсахановтың бөліміне қабылданды. 2009 жылы қырғызстандық Талант Укуевпен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетті.

2016 жылы Нью-Йоркте Жанқош Тұраров бірінші раундта өзінің қарсыласы бразилиялық Жоаким Карнейродты нокаутқа жіберді. Осылайша ол NBA (National Boxing Association) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын алды. Содан кейін ол өз салмағында WBA нұсқасы бойынша үздік 15 боксшының тізіміне енді.

Оқи отырыңыз: Танымал қазақстандық боксшының тұңғышы дүниеге келді

2019 жылдың 6 шілдесінде Тұраров аргентиналық Мауро Максимилиано Годоймен бірінші жартылай орта салмақтағы WBO Inter-Continental екінші титулы үшін жекпе-жек өткізіп, үшінші раундта жеңіске жетті. Бұл жеңіс Тұраровтың кәсіби мансабында 24-ші жеңісі еді.

Жанқош 2016 жылы Жамбыл облысының тумасы Клара Иса екеуі шаңырақ көтерді.