НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Дәрігерлер Алматы түбінде әскери ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Жағдайы тұрақты, бірақ ауыр, жансақтау жағдайында бақылануда. Екі пациент те есін жиды", - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.
Бұған дейін зардап шеккендерге ота жасалғаны хабарланды. Олардың біреуін жасанды тыныс алдырту аппаратына қосқан.
"Қандай да бір болжам жасауға әлі ерте. Дәрі-дәрмек жеткілікті", - деді дәрігерлер.
Әскери ұшақ апаты
Әуе апаты 13 наурызда Алматы әуежайының маңында болды. Ан-26 ұшағы құлап, отқа оранған.
Бортта алты адам болды. Төртеуі оқиға орнында қаза тапты: майор Ғабит Барлықбаев, аға лейтенант Досжан Баймұратов, лейтенант Мұхтар Сағынбаев, сержант Евгений Васильков.
Аман қалған екі әскери қызметкер ауыр жарақатпен №4 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды.
ҰҚК апатқа ұшыраған ұшақ ведомствоның авиациялық қызметіне тиесілі екенін растады. Қазіргі кезде комитет апаттың себеп-салдарын анықтауда.