АЛМАТЫ, 23 наурыз – Sputnik. Наурыз – көне мейрам. Бір деректерде мейрамның 3 мыңға жуық тарихы бар екені айтылған. Қазақтың таным-түсінігінде 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні саналады. Алайда қаншама уақыт тойланып келген мейрам 1926 жылы Кеңес үкіметі тұсында "діни мейрам", "ескілік сарқыншағы" деген желеумен тоқтатылды. Содан араға 62 жыл салып 1988 жылы қайта тойлана бастады.
Sputnik Қазақстан тілшісі 1988 жылы Алматыда өткен Наурыз тойын ұйымдастырған Елеусіз Жанпейісұлымен әңгімелесті. Жанпейісұлы ол уақытта қалалық мәдениет басқармасының басшысы болған.
Оның сөзінше, Наурыз мейрамын қайта тойлау туралы ұсыныстар Жазушылар одағында өткен жиын кезінде айтылған. Содан кейін ғалым-жазушылардың пікірін Қазақстан орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қолдап, Орталық комитеттің бірінші хатшысы Геннадий Колбинге жеткізеді. Ақын-жазушылар хат жазып, наурыздың діни мейрам емес, ұлттық мереке екенін дәлелдеп, қайтадан тойлауға рұқсат алған.
"Кей жерде наурыз тойға бөлек ақша бөлінгені туралы айтылып жүр екен. Барлығын көзімізбен көріп, қолмен ұстап өткіздік. Наурыз тойға қаржы мәдениет басқармасына бөлінген қаржының көлемінде жұмсалды. Ол уақытта көбі тегін жасалды. Наурыз көже пісіретін кісіні қала асханаларын аралап жүріп таптық. Наурыз көжеге тек тамақтарды сатып алып бердік, апайымыз көжені тегін пісірді. Қанша күріш, ет, нан керек екенін біліп, апарып бердік. Ұйымдастырушылардың көбі тегін қызмет жасады", - дейді Жанпейісұлы.
Ұйымдастыру жұмыстарына қаладағы жастар мен студенттер де көмектескен.
Үзілістен кейін халық арасында наурыз көженің қалай әзірленетінін білмегендер де болды. Себебі ол кезде Алматы қаласында орыс халқының саны қазақтардан көп болды, дейді ол.
"Халық ерекше қабылдады. Коммунистік партия қызметкерлері "діни мейрам" деп қорқып, көзге көрінбеді. Ішінде атқару комитеті төрағасының орынбасары Жібек Әмірханова ғана сахнаға шығып, ақсақалдармен қатар тұрып, тілегін айтты. Басқа бірде-бір адам болған жоқ. Колбин келіп кетті дейді. Мен өзім көрген жоқпын", - деп еске алды ол.
Елеусіз Жанпейісұлының сөзінше, Наурыз тойға халық жоспарланған адамнан бірнеше есе көп жиналды. Үлкендер жағы бата берсе, жастар жағы ұлттық ойындарға қатысқан. Мұхтар Әуезов театрының әртістері де өнер көрсеткен. Концертпен қатар мақал-мәтел, жаңылтпаш айтудан жарыс өткен. Сол күні ағаш отырғызғандар да бар.
"Ал 1989 жылы Наурыз тойға дайындалдық. Мәдениет саласының қызметкері болғандықтан міндетіміз ғой. Алайда қалада идеологияға жауап беретін партия рұқсат бермеді. "Биыл өткізуге болмайды. Сіздер өткізбейсіздер" деді. "Неге?" дедік. Содан ұйымдасып жүріп, қайта-қайта партия комитетіне барып, дәлелдеп, үлкен жиын жасадық. Ол кезде Алматы қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы Романов, екінші хатшысы Шәріп Омаров. Омаров бізді түсініп, оған үлкен көмек жасап, облыстық партия комитетіне түсіндірді. Шәріп Омаров облысқа қайта-қайта барып жүріп, рұқсат алды. Алайда шағын көлемде өткізуге болатынын айтты", - деді Жанпейісұлы.
Оқи отырыңыз: Әкімдік 2 мың отбасыға Наурыз мейрамында қандай сый жасайтынын айтты
Содан кейін той Орталық стадионның айналасы мен Сәтбаев көшесі маңындағы автотұрақта өтті. Ұйымдастырушылар бұл жылы да мейрамның ерекше тойланғанын айтты.
1990 жылы Наурыз цирктің жанындағы аллеяда өтті. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа алаңда тойланды. Ол тойға Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.
"Елбасы 1991 жылы халық арасына ұлттық киім киіп, балаларын ертіп шықты. Астанаға барған соң да солай жүрді", - дейді Жанпейісұлы.
Айта кетейік, биыл наурыз тойдың елімізде қайтадан тойланып жүргеніне 33 жыл болды.