НҰР-СҰЛТАН, 21 наурыз — Sputnik. Жиырма сегіз жасында "Бішкек аруы - 2012" байқауының жеңімпазы Зульфира Эркинбекова қайтыс болды. Бұл туралы оның Instagram парақшасында жақындары хабарлады.
Бұған дейін дәрігерлер аналық безінің қатерлі ісігі және қарын көк етінің канцероматозы диагнозын қойған. Ол күйеуімен бірге Түркияда ем қабылдап жүрген, деп хабарлайды 24.kg.
"Маған көмектесе алатын адамдардан қолдау сұраймын. Бұл ұзақ әрі қиын жол. Көп нәрсені еңсердік, алда әлі ұзақжол бар. Күресуге көмектеріңіз керек. Өмір сүргім келеді, мен ракты жеңдім деп айтқым келеді", - деп жазды ол бірнеше күн бұрын ғана.
Эркинбекованың жағдайы екінші баласы дүниеге келген соң нашарлаған.
Артында 5 жасар қызы мен төрт айлық ұлы қалды.