НҰР-СҰЛТАН, 21 наурыз — Sputnik. Түркістан – Ыстамбұл алғашқы рейсіне 176 билет сатылды, бұл - 98%.
Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы аптасына 2 рейспен, жұма және жексенбі күндері А-320 әуе кемесімен орындалады. Кейіннен рейстер саны аптасына жетіге дейін көбейеді.
Билет құны 39 999 теңгеден басталады.
Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап Түркістан қаласы әуежайынан 80-нен астам рейс орындалып, 23 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 85% құрады.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалуда. Биыл жылдың екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) аптасына 53 рейспен байланыстыру жоспарланып отыр.
Түркістан қаласының әуежайы шет елдердің әуе компанияларының ұшуы үшін "ашық аспан" режиміне енгізілген. Бұл ұшу географиясын кеңейту үшін әуежайды тартымды етеді және шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді.
Түркістаннан Новосибирскіге, Бішкекке, Ташкентке жаңа рейстерді іске қосу жоспарланып отыр. Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.