Өңірлер

Павлодарда аса ауыр қылмыс жасаған атасы мен келіні ұсталды

Павлодарда есірткі сатып күн көрген отағасы мен оның келіні және туған ұлдары бас бостандығынан айырылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Павлодарда атасы мен келіні және ұлдары есірткі сатумен айналысқан. Олар есірткіні отбасылық бизнеске айналдырып келіпті. Сот қылмыстық топқа үкім кесті.

Топ ұйымдастырушысына 18, қалған мүшелеріне 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Топ құрамында бір отбасының 4 мүшесі болған. Яғни, әкесі, 2 баласы, келінімен бірге есірткі сатып күн көрген, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Олар есірткіні Жамбыл облысының Шу ауданындағы сыбайластарынан алдырып, Павлодарда сатқан. Құрықтау кезінде үйдің шатыры мен қоймаларынан ірі көлемдегі есірткі партиясы тәркіленді.

"Қылмыстық топ басшысы мен ұлдарының тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде аса ірі мөлшердегі "гашиш", "героин", сондай-ақ, 200 келіден астам "марихуана" есірткісі және атыс қаруы табылды", - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Тергеу деректеріне сүйенсек, қылмыстық топты, үйдің отағасы құрған. Оның құрамында жалпы саны 8 адам болған. Оның екеуі өз ұлы, біреуі келіні болып шықты. Өзге мүшелері есірткіге әуес қаланың өзге тұрғындары екен.

"Сот үкімімен қылмыстық топтың ұйымдастырушысына 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, қалған 7 қатысушысына 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Аппелациялық қаулы заңды күшіне енді", - деді Павлодар облыстық сотының баспасөз маманы Маржан Құрманғалиева.

Оқи отырыңыз: Алматыда бір күнде 2 миллион 300 мың теңге тапқан ер адам ұсталды 

Сот шешімен келіспеген оның туысқандары аппелациялық сотқа шағым түсірген. Алайда соңғысы да үкімді еш өзгеріссіз қалдырды.

Ал атасы ашқан "кәсіпке "араласқан келіннің кәмелетке толмаған 3 баласы бар. Десе де, сот оған да ешқандай аяушылық танытпады. Балалардың ендігі тағдыры не болары белгісіз.