НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Алматы облысында Арқарлы асуында жас әйел жол апатынан мерт болды, деп хабарлайды өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратынша, 22 жастағы "Toyota Camry" жүргізушісі жылқыны қағып кеткен. Жол апаты 19-нан 20 наурызға қараған түні "Алматы – Өскемен" тас жолының 149 шақырымында болды.
Салдарынан көлікте отырған 28 жастағы жолаушы әйел көз жұмды. Иномарка жүргізушісі қатты зардап шекті, ол Кербұлақ аудандық ауруханасына жатқызылды.
Бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жылқы иесінің анықталып-анықталмағаны әзірге белгісіз.
Оқиға орнынан түсірілген суреттер әлеуметтік желіде жарияланды. Жазбада жеңіл көліктің жылқымен соқтығысы Арқарлы асуында болғаны нақтыланған.