Қоғам

БЖЗҚ төлем алуға өтініш бермеген зейнеткерлерді іздестіріп жатыр

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жасы бойынша бюджет есебінен төлем алатын, бірақ қордан зейнетақы төлмдерін алмайтын зейнеткерлерді іздестіріп жатыр. Олардың саны 200 мыңнан асып түсті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз — Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 200 мыңнан астам шот жасы бойынша бюджет есебінен төлем алатын, бірақ қордан зейнетақы төлемдерін алмайтын зейнеткерлерге тиесілі екені анықталды. Енді қор осы зейнеткерлерді іздестіруде, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.

БЖЗҚ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп мәліметтерге салыстыру жүргізген.

"БЖЗҚ ақпараттық жүйелерінде қордан төлемдер жүзеге асырылмайтын 200 160 шот бар. Бұл ретте зейнет жасына жеткен азаматтар бюджеттен тиісті қаражат алып жатыр. Олардың басым бөлігі 2018 жылдың 11 қазанына дейін зейнеткер қатарына қосылған", - деп жазылған хабарламада.

Дәл осы күннен бастап зейнет жасына толуға байланысты бірыңғай өтініш беруге болатын "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет іске қосылды. Яғни зейнет жасына толған төлем алушы бірыңғай өтініш және құжаттар жинағымен Мемлекеттік корпорация бөлімшелеріне – халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінеді.

"Біз осы салымшылардың деректерін сәйкестендіріп, қазір 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап қордан төлем жасалатын тұлғалардың тізімін жасақтадық. Енді осы санаттағы адамдардың телефон нөмірлеріне (ол мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс) БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету ұсынылған sms-хабарлама жолданады", - деп жазылған хабарламада.

Келісім алынғаннан кейін бұл азаматтарға БЖЗҚ-дан төлемдер Мемлекеттік корпорацияға алушылардың жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынған банк шоттарына жіберілетін болады.

Келісім алғаннан кейін осы азаматтардың алдын ала мемлекеттік корпорацияға ұсынған банктік шоттарына БЖЗҚ-дан төлемдер жасалады. Сондай-ақ мемлекеттік мәліметтер базасында тіркелген төлем алушылардың ұялы байланыс нөмірлері бойынша зейнеткерлер туралы мәліметтер салыстырылады.