НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз — Sputnik. Қазақстанда мемлекеттік қызметке қабылдауға мораторий енгізу жоспарланып отыр. Арнайы қаулының жобасы дайын. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Жарқын Тілеукенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Иә, қазіргі кезде тиісті қаулының жобасы дайын. Осы құжаттың аясында 1 шілдеге дейін қызметке тұруға мораторий енгізу мәселесі қаралып жатыр", - деді Тілеукенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда шілдеден бастап кімдердің жалақысы 150 процентке дейін өседі?
Бұдан бөлек, халықтан түсетін арыз-шағымдарды қараудың бірыңғай жүйесі енгізіледі. Ол "бір терезе" қағидаты негізінде жұмыс істейді. Соның арқасында адамдар мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүрмейді. Барлық құжатты бір жерге тапсырады. Сол жерден оны тиісті мемлекеттік органдарға таратады.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің санын 25 процентке қысқартуды тапсырған болатын.