Қоғам

Сенат ТМД аумағында ұрланған көліктерді қайтаруды жеңілдететін хаттаманы ратификациялады

Ерлан Тұрғымбаев ТМД елдері арасында автокөлік ұрлау проблема болып тұрғанын және осы келісім арқылы азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдететінін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстан парламенті сенаты "2005 жылғы 25 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлікті жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Хаттамаға алты елдің ішкі істер министрлері қол қойды. Олар: Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Молдова.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, хаттаманың негізгі мақсаты – ұрланған көлік иелерінің құқығын қорғау.

"Бүгінде ТМД келісіміне сәйкес елдермен шекарамыз ашық. Кейбір азаматтар осыны пайдаланып, заңбұзушылық жасайды. Мәселен, 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223 көліктің тек 30%-і елге қайтарылған. Өйткені, сұрау салу нормаларының кемшіліктері бар. Осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа жаңа нормалар енгізілді", – деді ол сенаттың жалпы отырысында.

Айтуынша, енді ереже бойынша сұрау салуды орындауға бір ай уақыт беріледі. Сондай-ақ, сұрау салу бойынша ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет.

Хаттамада жол апаты, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру; кеден органдарымен ақпарат алмасу; 1 жыл ішінде сұрау салынбаған автокөлікті, қай жерде анықталса, сол мемлекеттің меншігінде қалдыру нормалары қарастырылған.

"Өткен жылы сәуірде осы заң жобасы парламентте қаралды, бірақ бір норма кірмей қалғандықтан, кері қайтарылды. Ол жерде мына мәселе айтылған: біздің мемлекетке шекарадан өтетін көліктер туралы ортақ ақпараттық деректер базасы жоқ, сондықтан бұл норма Қазақстанға қолданылмайды. Осы ескертпені заң жобасына кіргіздік. Бүгінде барлық норма халықаралық Вена конвенциясына сәйкес келтірілді", – деді Тұрғымбаев.

Оқи отырыңыз: Кредит төлеуден жалтарған Нұр-Сұлтан тұрғыны полицейлерді алдамақ болды - видео

Министр бүгінде ТМД елдері арасында автокөлік ұрлау проблема болып тұрғанын және осы келісімді бекіту азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдететінін атап өтті.

Заңды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, қосымша қаржы талап етпейді.

Парламент хаттаманы бірауыздан ратификациялады.