АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Семейдегі мәдени-спорт кешеніне Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру ұсынылды. Келешекте ғимарат "Елбасы Арена" деп аталуы мүмкін, деп жаздыАltaynews.kz.
Қалалық мәслихатта Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлерінің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерінің, еріктілер қозғалысы белсенділерінің, жастардың, сондай-ақ ірі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының хаты қаралды.
Оқи отырыңыз: Оралда жаңа алаңды Назарбаевтың құрметіне атау ұсынылды
Хаттың басты мақсаты Қарағайлы жаңа тұрғын ауданындағы көшеге Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру туралы болды. Ал мәдени-спорт кешенін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Назарбаевтың рөлін ескеріп, "Елбасы Арена" деп атау ұсынылды.
Мәселе қалалық мәслихат комиссиясында қаралды. Оған онлайн және офлайн форматта 10 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде депутаттар бірауыздан дауыс беріп, бұл мәселені қалалық мәслихат сессиясында талқылауды ұсынды.