Өңірлер

Петропавлда әлеуметтік желіде отырған тұрғындар сан соғып қалды

Барлық жағдайда қаскөй жәбірленушілерді Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алдаған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Петропавл полицейлері Instagram арқылы бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен Алматы қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Петропавл қаласы полиция басқармасына қала тұрғындарынан интернет-алаяқтық фактілері туралы бірнеше арыз келіп түскен. Барлық жағдайда қаскөй жәбірленушілерді Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алдаған.

Парақшаның әкімшісі қымбат тұратын әйелдер киімі мен бұйымдарды сататын сыңай танытып, алдын ала төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған.

Аталған фактілер сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі "Алаяқтық" бойынша енгізілді.

"Көп жағдайда әйелдер алданып қалған. Instagram әлеуметтік желісіндегі "Modnyi Store" парақшасынан киімге тапсырыс беріп, алдын ала төлемді аударған. Жіберілген сома әр түрлі: 10 мыңнан 300 мың теңгеге дейін. Қаржы шотқа түскеннен кейін қаскөй байланысқа шығуды қойған", – деді полицейлер.

Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні жедел тексеріс кезінде анықтады. Ол Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Петропавлдық жедел уәкілдер оны Теміртау қаласының аумағында ұстады. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.

Тергеушілер оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. Қазіргі уақытта іс материалдарында Петропавл қаласы бойынша 13 эпизод тіркелген. Полицейлер тауар мен қызметтерге алдын ала төлемді талап ету – интернет-алаяқтардың жиі пайдаланатын амалы екендігін ескертеді және тауардың барына көз жеткізбей, алдын ала төлемді жібермеуге шақырады.