Фото

"Грэмми – 2021" сыйлығын табыстау рәсімі қалай өтті – фото

Sputnik

Ақсу қаласының тумасы студент-диджей Иманбек Зейкенов (DJ Imanbek) "Грэмми" сыйлығын жеңіп алды. Осылайша Grammy Awards тарихында "музыкалық Оскар" тұңғыш рет Қазақстанға бұйырды.

Иманбек Зейкенов америкалық SAINt JHN (Карлос Сент-Джон) әншінің "Roses" әніне ремикс әзірлегеннен кейін танымал бола бастады. Бұл трек әлемдік хит-парадтарда көш бастап тұрды. YouTube видеохостингінде DJ Imanbek нұсқасы бойынша дайындалған Roses музыкалық композициясының видеосын 234 миллион рет көрген.

Алайда Иманбекке "Грэмми" сыйлығын табыс ету рәсімін біршама күтуге тура келді. Салтанатты шара қаңтар айында өтуге тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты оның уақытын наурызға ауыстырды. Осы жылы музыкалық шоу аралас форматта өтті. Кей әншілер виртуалды байланысқа шықса, кей әртістер жыл сайынғы дәстүр бойынша өздерінің сәнді киімі және әсерлі әнімен таңғалдырды.

"Грэмми" мүсіншесін табыс ету рәсіміне қатысқан Иманбек, Бейонсе, Дуа Липа, Тейлор Свифт, Билли Айлиш, Лиззо, апалы-сіңілілі Хайм жайлы біздің суреттер топтамасынан көріңіз.

"Грэмми" (Grammy) — 1959 жылдан бері америкалық ұлттық дыбыс жазу өнері мен ғылымы академиясы (NARAS) табыстайтын музыка саласындағы беделді сыйлық. Сыйлық символы – граммофон.

1 / 16
Фотографтар ерекше көйлек киген әнші Дуа Липаны суретке түсіруден шаршамады. Марапаттау рәсімі үш жарым сағатқа созылды.
2 / 16
Отандасымыз Иманбек Зейкенов "Roses (Imanbek Remix)" әнінің ең үздік ремикс жазбасы үшін сыйлық алғаны жарияланған сәт
3 / 16
Лос-Анджелесте өткен "Грэмми" сыйлығын табыстау рәсімінде ән айтқан Дуа Липа ашық киімді сахналық бейнесімен көпшілікті таңғалдырды. Ол "Үздік вокалдық поп-альбом" үшін марапатқа ие болды.
4 / 16
Әнші Микки Гайтон "Грэмми" сыйлығын табыс ету рәсімінде
5 / 16
Әнші Билли Айлиш ағасы Финнеас О'Коннелмен бірге "Визуалды медиаға арнап жазылған үздік ән" номинациясында жеңімпаз атанды. Айлиш "бондиана" үшін саундтрек жазған ең жас әнші болды. Оның орындауындағы No time to die композициясы агент Джейс Бонд туралы соңғы фильмнің саундтрегі деп жарияланды.
6 / 16
Әнші Doja Cat қызыл кілемшеде суретке түсуде
7 / 16
Әнші Cardi B "Грэмми" сыйлығын табыс ету рәсімінде өнер көрсетті
8 / 16
Әнші Фиби Бриджерс пен актриса Ноа Сайрус Лос-Анджелестегі музыкалық сыйлықты табыс ету рәсімінде
9 / 16
Тейлор Свифттің "гүлмен көмкерілген" көйлегі көпшілікті таңғалдырды. Әнші "Жыл альбомы" санаты бойынша жеңіске жетті. Ол "Folklore" пластинкасы үшін марапатталды.
10 / 16
Музыкалық продюсер және әнші Андерсон Пак қолында граммофонды ұстап тұр.
11 / 16
"Үздік жаңа әнші" номинациясында америкалық рэпер Megan Thee Stallion сыйлық иеленді. Ол Ноа Сайрус, Луиса Селестин (Kaytranada), Ингрид Эндресс, Chika, Фиби Бриджерс, Doja Cat Амала Дламини D Smoke секілді әріптестерін шаң қаптырды.
12 / 16
Британдық әнші Гарри Стайлске "Поп стиліндегі үздік жеке орындау" номинациясы бойынша сыйлық табысталды. Ол Watermelon Sugar әнімен жеңімпаз атанды.
13 / 16
Оңтүстіккореялық BTS тобы "Грэмми" рәсімінде өнер көрсетті
14 / 16
Бейонсе түрлі номинацияда "Грэмми" сыйлығының саны бойынша әйелдер арасында рекорд жаңартты. Басқа номинациларды есепке алмағанда, Бейонсенің "Savage" әні "Үздік рэп-ән" ден танылды. Ол бұл композицияны Megan Thee Stallion рэпермен орындады
15 / 16
Пуэрто-рикалық әнші Bad Bunny
16 / 16
Қазақстандықтар үшін ақсулық музыкант Иманбек Зейкеновтың жеңісінің орны бөлек болды. Ол әнші SAINt JHN-ның Roses әнінің ремиксі үшін "Жыл ремиксі" номинациясында жеңіске жетті. Біздің ел үшін бұл "Грэммидегі" тұңғыш номинация, тұңғыш сыйлық. Иманбек Зейкенов музыкалық жүлдеде үш номинанттан озып түсті.