Өңірлер

"Бала сүйреген жоқ": желіде жұлдыз болған қостанайлық фельдшер не болғанын айтты

11 наурызда Қостанай облысында 47 жастағы ер адам су орнына аккумулятор сұйықтығын ішіп уланып қалды. Ауыл ішіне кіретін жолдың қалың қары күрелмегендіктен, жедел жәрдем бригадасы науқастың үйіне жете алмаған
Sputnik

АЛМАТЫ, 17 наурыз – Sputnik. Бірнеше күн бұрын Қостанай облысы Олимпийский ауылында көшені қар басып, жедел жәрдем көлігі науқастың үйіне жеті алмағаны туралы ақпарат шықты. Желіде фельдшер мен кішкентай баланың науқасты шанаға салып, тас жолға дейін сүйреп апарған сәттің фотосы тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі науқастың жақындары, көмек көрсеткен фельдшер мен жергілікті әкімдік қызметкерлерімен сөйлесіп, жағдайдың мән-жайын білді.

Аккумулятор сұйықтығын ішкен

Оқиға Арқалық қаласы маңындағы Олимпийский ауылында 11 наурызда болды. Ауылдың 47 жастағы тұрғыны бөтелкеде тұрған аккумулятор сұйықтығын су екен деп ішіп қойған.

"Шылым шегуге шыққан еді. Үйде көлік бар. Соның  аккумуляторы отырып қала беретін. Күшін жақсартамын деп сұйықтық әкеліп қойған. Екі-үш ұрттап жіберіпті. Үйде кішкентай балам мен қызым ғана бар. Үлкендері қалада, біз жаққа 3-4 күннен бері жол ашылған жоқ. 3-4 күн боран болды. Арасында бір рет қана жолды ашты. Оның өзінде баласы ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін кісінің үйіне баратын жол ғана ашылды", - деді уланып қалған тұрғынның әйелі Жанар Нұрғожина Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Отбасының 7 баласы бар. Олар Олимпийский ауылына былтыр көшіп келген. Әйелдің айтуынша, бірнеше күннен бері жол ашылмай жатқанын айту үшін ауыл әкіміне де хабарласқан.

"Родина ауыл округі әкіміне кешкі сағат алтыға дейін хабарластым, телефонын алмады. Оның алдында іздеп те бардым. Жолды ашуға келгенде барлық үйге жолды ашсын деп айтайын дедім, орнында болмады", - дейді ол.

Айтуынша, күйеуі уланып қалған соң жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері жол жабық болған соң науқастың үйіне жаяу-жалпылап жетіп, ем-домын жасаған.

Қазір күйеуінің жағдайы бірқалыпты. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан. Палатаға шығып, укол алып, емделіп жатыр.

Науқасты "капотқа" салып сүйреген фельдшер кім

Олжас Мейірманов 8 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Оның сөзінше, 11 наурызда кешкі сағат 17:30 шамасында Олимпийский ауылынан ер адамның уланғаны туралы хабар түскен.

"Жедел жәрдем көлігімен бірден жолға шықтық. Ауыл қаламен шектесіп жатыр, ол жерге 8 минутта жеттік. Бір жағы жылдамдықты асырып, тез бардық. Жедел жәрдемге хабарласқан нөмір науқастың жарына тиесілі екен. Бара жатқан кезде жолдың ашық-жабық екенін сұрап алдық. Ол кісі білмейтінін айтты. Содан тез келіңіз деп қайта-қайта хабарласып отырды", - дейді фельдшер.

"Бала сүйреген жоқ": желіде жұлдыз болған қостанайлық фельдшер не болғанын айтты

Мейірмановтың айтуынша, ол кезде әкімдік қызметкерлеріне немесе төтенше жағдай мамандарына жол туралы сұрап хабарласуға мүмкіндік болмаған. Тез шешім қабылдап, науқасқа көмек көрсетуді ойлаған.

"Бар ойым науқасты аман алып қалу, ауруханаға аман-есен жеткізу болды. Олимпийский ауылына барған кезде көлік жүретін жол болмады. Қар басып қалған, күн боран, жел қатты соғып тұрды", - деп әңгімеледі ол.

Ауыл ішіне көлік кіре алмаған соң жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі тас жол бойында қалған. Ал Олжас Мейірманов пен көмекшісі Мәдина Тыныштықова екеуі жаяулатып ауылға барған.

"Көп жерде 200 метр жаяу жүріп барған деп жазып жатыр. Шын мәнінде 600-700 метр жер. Қажетті заттар салынған сөмкемізді арқалап бардық. Барсақ, науқастың жағдайы орташа ауыр екен. Үйдің ішінде асқазанын жылы сумен шайып, жедел-медициналық көмек көрсеттік. Зембілге салып жеткізу мүмкін емес еді. Қар тізеден келген соң аяқ кіріп кете береді. Сол себепті маған да, науқасқа да ең ыңғайлысы шана еді", - дейді фельдшер.

Ол науқастың әйелінен үйде шананың бар-жоғын сұраған. Отбасы жер үйде тұрады. Қар тасуға арналған көліктің капотынан жасалған шана бар екен.

"Бір шақырым жүреміз, киіз, көрпе төсеңіз деп өтіндім. Себебі ол болмаса науқас тоңып қалады. Соған науқасты жатқызып, үстіне қалың көрпе жауып қойдық. Желмен бірге аяз болып, күн борандатып тұрды", - деді ол.

"Бала шана сүйреген жоқ"

Желіде жедел жәрдем көлігі шақырту түскен үйге бара алмағаны, сол үйдің баласы ауыр хәлде жатқан әкесін шанамен сүйреп жеткізгені қызу талқыға түскен еді.

"Көп жерде "балаға сүйретіп қойыпты", "бала сүйреп бара жатыр" деп жазып жатыр. Мұндай мүлде болған жоқ. Баламен бірге сүйреген сәтті фотоға түсіріп алған екен. Бала 2-сыныпта оқиды. Оған "сүйремей-ақ қой, тоңып қаласың. Үйіңе бар" деп айттым. Бірақ анасы шананы қайтарда сүйреп қайтуы үшін қызы мен ұлын ертіп жіберді", - дейді ол.

"Көлікке жеткенше өзім сүйреп бардым. Жолға жақындағанда жүргізуші көмектесті. Әрі қарай жедел жәрдем ішінде көмек көрсетіп, Арқалық қалалық ауруханасына жеткіздік", - деді Мейірманов.

Ал жанындағы көмекшісі жедел жәрдем қызметкерінің сөмкесін арқалап қайтқан.

"Фотода кішкентай балам ғана бар. Оның жанында 9-сыныпта оқитын қызым да болды. Фотоны Қостанай облысына жіберемін дедім. Себебі бізге қарамайды, жағдай жасамайды", - дейді науқастың жары Жанар Нұрғожина.

Оның сөзінше, фотодағы кішкентай бала шананы сүйремеген.

"Рас, кішкентай бала сүйремеді. Ер адам ауыр ғой. Бала қызығып, еріп барды. Оны ешкім қинаған жоқ, өзіне қызық болған соң барған. Үйден шыққан бетте фельдшер өзі сүйреді. Ол жігітке неге зембілге салмадың деп айтып жатқанын естідім. Қардан аяқ алып жүру мүмкін емес, кім зембілмен көтеріп шығарады? Әкімнің өзі келсінші, сол қарда жүргізейін", - деп кейіді ауыл тұрғыны.

Билік не дейді

Жедел жәрдем қызметкерінің айтуынша, өңірде қар жиі жауады. Алайда жолдың жабық болуы ара-тұра кездеспесе, жұмыс барысында мұндай қиындықпен бетпе-бет келе бермейді.

"Жолдың жабық болуы ара-тұра кездеспесе, көп жағдайда бұл жағынан қиындық жоқ. Көктем мен күзде бізде жаңбыр жиі жауады. Сол кезде сәл қиындық туады. Біздің жер сазды", - деді ол.

Осы жағдайға байланысты Олимпийский ауылы қарайтын Родина округі әкімі аппаратының бас маманы Тасболат Әбенов түсініктеме берді.

"Мұндай жағдай бізде жиі болмайды. 11 наурызда қатты боран болды. Ол жол 2,5-3 сағат бұрын тазартылды. Науқастанып қалған кісі тұратын Жандосов көшесінде жол болған. Келген жедел жәрдем аудандық маңызы бар жолға тоқтаған. Ол үйден 150-200 метр жерде орналасқан. Ол күні Жандосов көшесіне кіруге болар еді. Жедел жәрдем жүргізушісінің елді мекенді дұрыс білмеуінен деп ойлаймын", - дейді әкім аппаратының бас маманы.

Округке екі ауыл қарайды, 3 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл-аймақта қар тазалауға арналған техника жеткілікті, дейді әкімдіктегілер.

"Көз көрмес боранның салдарынан ол жерге техника қайталап жіберілген жоқ. Яғни, бұл техниканың жоқтығынан болды деуге келмейді. Ол жаққа қар тазалаушылар қайтадан жіберілмеді, себебі адамдардың қауіпсіздігін ойладық. Боранды күні адамдарды қағып кетуі мүмкін, басқа да келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін", - деді Тасболат Әбенов.

Оның сөзінше, егер ауыл тұрғыны немесе жедел жәрдем қызметі ел жаққа бара жатқанын хабарласа, бірден қар тазалайтын техника жіберілетін еді.

"Техника бізде дайын тұрды. Егер жедел жәрдем мамандары немесе тұрғындар хабарласқанда боранға қарамай жіберетін едік. Менің жеке нөмірім тұрғындарда бар", - деді ол.

Оқи отырыңыз: Дәрігерден ұялған - үйінде босанған келіншекке көмектескен ақтөбелік әйелдің әңгімесі