Қоғам

Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

1 ақпаннан вакцинация жұмысын бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін вакцина салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады, деді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды коронавирусқа қарсы вакцинациялауды қолдауға үндеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты.

"Мен тағы да отандастарымызды сабыр сақтауға, барлық санитарлық нормаларды қатаң ұстануға, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинацияны қолдауға шақырамын. Үкімет пен әкімдіктер жаппай вакцинация жүргізуге дайын болуы керек. Біз бұл жұмысты 1 ақпаннан бастадық. Бірақ дәл қазіргі уақытқа дейін екпе салдырған азаматтардың саны 19 мыңнан сәл ғана асады", - деді президент.

Ал жоспар бойынша 6 миллионнан астам адамға вакцина салу керек. Тоқаев егер өз өндірісіміздің қуаты мен Ресейден әкелінетін вакцина жетпей жатса, қажетті көлемді импорттау қажеттігіне тоқталды.

"Жаппай иммунитет қалыптастырмай, ауруды жеңе алмаймыз, экономиканы қайта қалпына келтіру де мүмкін емес. Үкіметке аталған жұмысты жандандыруды тапсырамын. Бұл мәселені өзім бақылап отырамын. Вакцинацияға дұрыс қарау керек, бұдан басқа жол жоқ. Осы мәселені азаматтардың есіне тағы бір мәрте салғым келеді", – деді мемлекет басшысы.

Президент еліміздегі эпидемиялық ахуалдың тұрақсыз екенін айтты. Тұрғындар мен бизнес өкілдері індеттен сақтануға аса мән бермей, оны елемей жүргенін атап өтті.