Саясат

Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінде тағайындау жасады

Русланбек Бекжігітов пен Ерлан Абдақасов басқа жұмысқа ауысуына байланысты Кеңес төрағасы шешімімен қызметінен босатылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 17 наурыз – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі бөлімдерінде ауыс-түйіс жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

"Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының шешімімен Русланбек Бекжігітов Қауіпсіздік кеңесінің қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімінің меңгерушісі қызметінен, Ерлан Абдақасов Қауіпсіздік кеңесінің ахуалдық орталығының меңгерушісі қызметінен босатылды", - делінген ақпаратта.

Олардың басқа жұмысқа ауысқаны айтылып отыр.

Елбасы шешімімен Бекжігітовтің орнына Расул Оразғұлов, ал Абдақасовтың орнына Данияр Есин келді.

Қауіпсіздік кеңесі

Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі - ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында құрылған конституциялық орган. Ол ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізеді.

Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып табылады. Кеңес құрамын президент Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымен келісе отырып қалыптастырады.