Экономика

Фитнеске – 40 млн теңге: Перуашев халықтың ақшасына демалатын менеджерлерді сынады

Топ-менеджерлер компанияның қыруар шығынына қарамастан өздеріне миллиондап сыйақы жаздырады, деді депутат
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері СПА мен фитнеске мемлекет қазынасынан миллиондап ақша жұмсайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжатты талқылау барысында "Ақ жол" фракциясының лидері Азат Перуашев араны ашылған, ел қазынасын тонап отырған ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарды сынады.

Айтуынша, ол жерде сыбайлас жемқорлық схемалары үнемі шығады, ал сыртқы қарыздың көп бөлігі осы квазимемлекеттік секторға тиесілі. Топ-менеджерлер компанияның қыруар шығынына қарамастан өздеріне миллиондап сыйақы жаздырады.

Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы ақпарат жарияланды
"Сол себепті ұлттық компаниялардың, олардың "еншілесі" мен "СК-Фармация немесе ӘКК сияқты министрліктер мен әкімдіктер жанындағы түрлі ЖШС мен РМК-ның бюджеті барынша ашық болуға тиіс, республикалық және жергілікті бюджеттерге енгізіліп, ал олардың басшылығы қоғам алдында шығындар мен жетістіктер туралы есеп беруі керек. Біздің ойымызша, ұлттық компаниялардың бюджеті ашық болған жағдайда, пандемия кезінде дәрі-дәрмек тапшылығынан көз жұмған адамдардың өліміне бей-жай қараған "СК-Фармация"-да ондаған миллион теңге сыйақы төлеу деген дүниелер болмас еді. Немесе тағы бір мысал,  мемлекеттік кәсіпорын салық төлеушілердің ақшасынан өз менеджерлеріне фитнес пен СПА-ға 40 миллион теңге төлейді. Ал бұл тек жұртқа мәлім фактілер ғана", - деп ашуланды депутат.

Сондай-ақ, ол  "Ақ жол" фракциясы сатып алуларды бақылау тәртібіне қатысты нормамен келіспейтінін жеткізді. Заң жобасында ұлттық компаниялар сатып алулардың орталықтандырылған қызметінің жұмыс тәртібін айқындайтыны айтылған. Депутаттар бұл салада жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екенін ескеріп, мұнымен келіспейтінін айтты. Сол себепті фракция ұлттық компанияларды бақылау тәртібін олардың өздері емес, тәуелсіз орталықтандырылған қызмет немесе мемлекеттік аудит анықтауы керек деп санайды. Өйткені бұл субъктілер мемлекеттің ақшасын жұмсайды.

Заң жобасында қандай жаңашылдықтар бар

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазір квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативтік-құқықтық актілермен реттелетінін атап өтті. Ал  әзірленген заң жобасы "Самұрық-Қазына" қорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеуге бағытталған.

"Заң жобасы сатып алулары шамамен 3,4 триллион теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компанияны олардың еншілес ұйымдарымен бірге қамтиды. Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің сатып алуды "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның аясында қалдыру ұсынылады", - деді министр.

Заң жобасында мынадай негізгі тәсілдер ескерілген:

  • квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай болып саналатын, заңның қолдану аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер заң деңгейінде бекітіледі;
  • сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеу ұсынылады.

Осы жерде "Самұрық-Қазына" қорының Сатып алу ережелерін бекітуді қаржы министрлігінің келісімімен қордың қарамағында қалдыру ұсынылды.

"Бұл қор қызметінің ерекшелігі мен оның мәртебесіне, сондай-ақ ІРО өткізу және жекешелендірудің өзге де түрлері кезінде қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау қажеттігіне байланысты", - деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, жалпы, заң жобасын қабылдау – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуының ашықтығын, тиімділігін арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Мәжіліс аталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.