Әлем

Еуропа AstraZeneca препаратынан толық бас тарта ма 

Жиырмаға жуық мемлекет AstraZeneca ағылшын-швед компаниясы Оксфорд университетімен бірлесіп дайындаған вакцинаны қолдануды тоқтатты. Кеше ғана бұл тізімге Швеция қосылды
Sputnik

Мұндай шешімге екпе салдырған адамдарда қанның ұюы себеп болған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы компанияның мүддесін жақтап, "асқынуларға вакцина салу себеп болғанына дәлел жоқ" деген мәлімдеме жасады. ДДҰ вакциналау науқанын еш алаңсыз жалғастыра беруге шақырып, осы жағдай бойынша тиісті тексеру жүргізетінін айтты, деп хабарлайды РИА Новости.

Жалпы AstraZeneca айналасындағы жағдайды медицина немесе ғылыми зерттеу призмасы арқылы қараудың мәні жоқ. Әлемдік фармацевтика саясатпен бірге астарласып жатқан сыбайлас жемқорлық белең алған салаға айналғалы қай заман. Ал пандемия бұл процесті одан бетер өршітіп жіберді.

Еуропа одағында тағы қай мемлекет ресейлік вакцинаға қызығушылық танытты

Сәйкесінше ДДҰ мәлімдемесі қандай деңгейде AstraZeneca препаратының қауіпсіздігін айшықтап, қандай деңгейде саяси мақсатқа сәйкестікті ойлап тұрғанын болжау қиын. Жалпы бұл Еуроодаққа да тікелей байланысты. Екпе салдырған адамдарда кері әсердің пайда болуы және кей жағдайда адам өліміне алып келуі туралы хабарламалар вакциналау басталғалы айтылуда. Алайда Германия, Франция секілді жетекші мемлекеттер саяси себеп пайда болған кезде ғана препараттан бас тарту қадамына барды.

Аса маңызды шешімдер қабылдап, AstraZeneca препаратына сенім білдірген Брюссель, Берлин және басқа да батыс еуропалық мемлекеттер осы жағдайға жауапты екені анық. Компания нарыққа дайын өнімді мерзімінен кешіктіріп ұсынумен қатар Еуроодақ алдындағы міндеттемелерін орындауға қауқарсыз екені белгілі болды.

Ең алғашқы жанжал қаңтар айында туындады. AstraZeneca компаниясы өндірістік-логистикалық проблемаларға байланысты алдағы айларда жеткізілетін препарат көлемін келісілген мөлшерден 60 процентке қысқартуға мәжбүр екенін хабарлады.

Ұлыбритания AstraZeneca-мен жеке келісімшарт жасап, өз аумағында дайындалған препаратқа басымды құқық алуы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Бұл Еуропаның басқа елдеріне қарағанда Лондонға елдегі вакцинаға деген сұранысты едәуір көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Ал Еуропаның компанияға келісімшарт міндеттемелерін сақтау бойынша қыспаққа алуы оң өзгеріс алып келе қоймады. 

Вакцина қаншалықты қауіпті: АҚШ жауап талап етіп отыр, ал Еуропа пайда көргісі келеді

Өткен жұмада Reuters агенттігі хабарлағандай, AstraZeneca ЕО елдеріне жеткізілетін вакцина көлемін тағы қосымша қысқартты. 25 ақпанда компания басшысы Паскаль Сорио AstraZeneca ЕО-ға бірінші тоқсанда 40 миллион доза жеткізуге тырысатыны туралы уәде етті. Бастапқы келісім бойынша вакцина көлемі 90 миллион болатын. Өткен аптаның соңында бұл көрсеткіш 30 миллион шамасында болатыны мәлім болды.

Ал дүйсенбі күні ЕО көшбасшыларын қоса алғанда Еуропа мемлекеттері препарат қауіпсіздігін тексеруді желеу етіп AstraZeneca  вакцинасын қолдануды бірауыздан келіскендей тоқтата бастады.

Вакцина беделіне үлкен нұқсан келді. Бірақ жағдай жақын уақытта өзгеруі мүмкін. Себебі ірі халықаралық құрылымдар мен басқа да ықпалды батыс державалары AstraZeneca-ны қолдауы мүмкін. Бұл жерде тек Ұлыбритания жайы сөз болып отырған жоқ. Кеше компания өз медикаментін қосымша жеткізу туралы АҚШ үкіметімен арадағы келісім туралы мәлімет таратты.

Бұл оқиға Батыстағы ішкі текетірестердің беті қайтпағанын кезекті рет көрсетті. Бірнеше апта бұрын трансатлантикалық серіктестер арасындағы келіспеушіліктерді Дональд Трамптың тиімсіз әрекетіне жатқыза салуға болар еді. Экс-президент биліктен кетсе де Еуропа мен АҚШ арасындағы дау толастар емес. Себебі, мемлекеттер арасында ортақ мәміле жоқ.