Оқиға

Түркістан облысында жоғалған ер адам құдықтан табылды – құтқару сәтінің видеосы

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкер мен 1 техникасы, 1 полицей мен жоғалған адамның үш туысы жұмылдырылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Түркістан облысында екі күн бұрын жоғалып кеткен Ащысай ауылының тұрғыны табылды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

"Түркістан облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне 16 наурыз күні сағат 14.00-де хабар түсті. 1980 жылы туған ер адамның екі күн бұрын мал іздеп шығып, қайта оралмағаны белгілі болды", - деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкер мен 1 техникасы, 1 полицей мен жоғалған адамның үш туысы жұмылдырылды.

16 наурызда сағат 15.10-да​ құтқарушылар ер адамды жоғалып кеткен аумақтан екі шақырым жерде Көккөз ауылынан тауып алды. Ол тереңдігі 3 метр құдыққа түсіп кетіп, өздігінен шыға алмаған екен.

Құтқарушылар тез арада ер адамды құтқаруға кірісті. Олар құтқару жібінің көмегімен құдықтан алып шықты. Ер адам медициналық көмекке мұқтаж емес.